Петропавлдағы Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының гастролі басталды. Астанадан келген шығармашылық ұжым солтүстікқазақстандық көрерменге 4 қойылым ұсынды. Сахна шымылдығы Пушкиннің әйгілі шығармасы желісімен қойылған “Евгений Онегин.Романнан көріністер. Біздің күндер” спектаклімен ашылды. Классикалық туынды бұл жолы заманауи сипатта ұсынылған. Өлең жолдарының орнына рэп қолданылды. Астаналық театр Петропавлға соңғы рет 10 жыл бұрын келіпті. Со кезде ұжымның өнеріне тәнті болған жергілікті көрермен ұмытпаса керек, жаңа қойылымға көп жиналды. Солтүстікқазақстандықтар классикалық шығарманың заманауи қойылымын ерекше ықыласпен тамашалады.
Өңірге театрдың 30-дан астам әртісі келген. Евгений Онегиннің рөлін Максим Ященко сомдайды. Актер өнер ордасында 15 жылдан астам жұмыс істейді. Ол өз кейіпкерін мінезі қайшылықты, бірақ қызықты тұлға ретінде сипаттайды.
МАКСИМ ЯЩЕНКО, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының актері, Астана қаласы:
– “Бұл спектакль бірнеше жыл бұрын қойылған. Біз оны жиі сахналауға тырысамыз. Спектакль Евгений Онегиннің қазіргі замандағы өмірі қандай болар еді дегенді көрсетеді. Режиссердің басты мақсаты – Пушкиннің дара тілін, бай сөз өрнегін сақтап қалу. Жастардың театрға келіп, қойылымды тамашалап, суретке түсіп, алған әсерін әлеуметтік желіде бөліскенін қалаймыз”.
Сонымен қатар, ақмолалық актерлер Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының сахнасында “Гроза”, “Восемь любящих женщин”, спектакльдерін де ұсынады. Ал жас көрермен үшін “Щелкунчик” атты мейірім мен сиқырға толы ертегі дайындалған.
ИГОРЬ СЕДИН, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының көркемдік жетекшісі, Астана қаласы:
– “Режиссер Юрий Квитковский қойылымның ырғағына ерекше мән берген. Пушкиннің өзі де әзіл-қалжыңды жақсы көрген. Сондықтан оның түпнұсқа мәтінін өзгертпей, шығарманы көрерменге қызықты әрі тартымды болатындай ұсындық. Режиссердің бұл ойы сәтті жүзеге асырылған”.
Гастрольдік сапар мұнымен аяқталмайды. 24 қыркүйекте солтүстікқазақстандық өнер ұжымы Астана сахнасында 4 қойылымын ұсынады. Сондай-ақ, елордада Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театры мен М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылады.
Жансая Дербисова