Қоғам

Балалардың құқықтарын қорғауға арналған бірыңғай қабылдау күні

«Әділет» партиясының облыстық филиалында балалардың құқықтарын қорғауға арналған бірыңғай қабылдау күні өтті. Шараны партияның Әйелдер қанаты ұйымдастырды. Кездесуде ата-аналар мен тұрғындар ұл-қыздардың қауіпсіздігі, денсаулық және әлеуметтік жағдайына қатысты өзекті мәселелерді жеткізді.

НАРГҮЛ НҰРКЕЕВА, қала тұрғыны:
– “Петропавлда ерекше балаларға арналған арнайы құрал-жабдықтары бар орталық болса деген тілегіміз бар. Әр ана баласымен келіп, мамандардың көмегімен жаттығуларын жасар еді. Себебі, мұндай керек-жарақтың барлығын сатып алу өте қымбат. Оны кез келген отбасының қалтасы көтере бермейді. Орталық ашылса, біз үшін зор көмек болар еді”.

Баламның табанына кіретін тікен маңдайыма кірсін деп шырылдап жүрген ананың бірі – Наргүл Нұркеева. Оның 4-сыныпта оқитын ұлы тағдырдың тауқыметін тартып отыр. Тілдесу барысында азаматша мен баласына көмек көрсету жайы айтылды.

АРДАҚ ОРАЗБЕКОВА, «Үміт» мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубы директорының орынбасары:
-“Тірек-қимыл жүйесі зақымданған балаларға арналған секцияларымыз бар. Егер ұлыңыздың спортпен айналысуға шектеулері болмаса, бірнеше бағытты таңдауға болады. Мысалы, логопедиялық сабақтар, ат спорты, жүзу үйірмелері жұмыс істейді. Сонымен қатар, церебралды сал ауруына шалдыққан балаларға да арнайы курстар қарастырылған”.

Анна Останина да шақшадай басын тауға да, тасқа да соғып жүр. Қала тұрғынының 4 баласының 2-еуі дертке шалдыққан. Нәзікжандының өтініші – оларды қоғамға жақындату. Ал ол үшін Петропавлда бірлескен шаралар, кештер жиі өткізілмейді.

АННА ОСТАНИНА, қала тұрғыны:
– “Бізде ақпараттандыру жұмыстары ақсап тұрған сияқты. Мысалы, қаламызда менің баларыма арналған жүзу үйірмесі бар екен. Ал біз білмедік. Жариялау ісіне қарқын қосу керек. Тағы бір мәселе – науқас ұл-қыздардың назарсыз қалуы. Менің ойымша, мұндай балаларға және олардың ата-аналары жиі қауышып, жүздесу қажет. Сонда бір-біріне жақындайды, көмек қолын созады. Біз өзіміз мұндай шараға соңғы рет 2 жыл бұрын барыппыз”.

Шараны ұйымдастырушылар ұсыныстың орынды екенін алға тартты. Осы бағытта жұмыс жүргізілетінін де жеткізді. Жалпы, «Әділет» партиясының облыстық филиалында өткен балалардың құқықтарын қорғауға арналған бірыңғай қабылдау күнінде 6 ата-ана мәселесін көтерді. Олардың барлығына көмек көрсетілетін болды.

 

Улан Ыдырыс