Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында жастардың құқықтық және ақпараттық сауаттылығын арттыруға бағытталған диалог алаңы өтті. Кездесу барысында деструктивті идеологияның таралуына жол бермеу, экстремизм мен терроризмнің алдын алу және интернеттегі қауіпсіздік туралы ақпарат ұсынылды. Іс-шараның өтуіне ұйытқы болып отырған – облыстық жастар ресурстық орталығы.
АНАСТАСИЯ ВОЛКОВА, облыстық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:
– “Диалог алаңы республикалық “Заң және тәртіп” тұжырымдамасы аясында өткізіліп отыр. Жастар теологқа, адам құқықтары жөніндегі уәкілге тікелей сұрақ қойып, өздерін толғандырған, қызықтырған мәселелер бойынша кеңес ала алады. Мұндай кездесулер жастардың құқықтық санасын қалыптастыруға, заң алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған”.
Ашық диалог алаңына колледж студенттері қатысты. Жастарға әлеуметтік желілердегі ақпаратты дұрыс қабылдап, күмәнді контенттен сақ болудың маңызы түсіндірілді.
ВАЛЕНТИНА ЧЕРНАЯ, студент:
– “Біз үшін маңызды тақырыптар қозғалып жатыр. Атап айтқанда, буллинг, діни сауаттылық, терроризм мен экстремизм және әлеуметтік желілерде өзімізді қалай дұрыс ұстау керектігі туралы айтылуда. Қазіргі таңда оқушыларға, студенттерге қысым көрсету мәселесі интернетте жиі кездеседі. Кейде балалар бір-бірін сыртқы келбетіне, отбасына немесе басқа да ерекшеліктеріне байланысты сынап, балағаттап жатады. Менің ойымша, мұндай жағдайға бейжай қарамау керек. Егер адам буллингке тап болса, бұл туралы ата-анасына, мұғаліміне немесе сенетін адамына айтқаны дұрыс”.
Іс-шара барысында 3 спикер сөз сөйледі, ал кездесудің соңында мамандар жастардың сұрақтарына жауап берді
Улан Ыдырыс