Ауыл шаруашылығы

Уәлихановтық диқандар орақ науқанын қорытындылауда

Уәлиханов ауданындағы “UNITE-ИНВЕСТ” серіктестігі орақ науқанын аяқтады. Биыл шаруашылық 6 мың гектарға жуық жерге дән сіңірген. Қазір агроқұрылым жиналған өнімді жергілікті элеваторға өткізіп жатыр. Сонымен қатар алқаптарды келесі жылға дайындауда.

ЖАРМҰХАНБЕТ ИБРАГИМОВ, “UNITE-ИНВЕСТ” ЖШС директоры, Уәлиханов ауданы:
– “Біздің шаруашылықта 4 мыңнан астам гектарға бидай егілді, 896 гектарға – майлы дақылдар, ал 240 гектарға арпа тұқымы себілді. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан субсидияларды қолданамыз. Арзан дизель отынын да алдық. Соның арқасында барлық жұмыстарды уақытылы атқарып келеміз”.

Агроқұрылым астық сапасына да баса назар аударады. Жанбота Ережепов – бұл салада 10 жылдан астам еңбек ететін азамат. Биыл “UNITE-ИНВЕСТ” серіктестігінде бірінші жылын өткізді. Ол ырыс дәнінің өсіп-өнуін, сапасын қадағалайды.

ЖАНБОТА ЕРЕЖЕПОВ, “UNITE-ИНВЕСТ” ЖШС бас агрономы, Уәлиханов ауданы:
– “Гектарынан 16-17 центнерден өнім жиналды. Бидайдың сапасы жақсы, дән маңызы үшінші класқа жатады”.

Кәсіпорын 20 жыл бұрын құрылған. Мұнда 42 адам еңбек етеді. Кадр тапшылығы жоқ. Ұжымдағы жасы ең үлкен қызметкер – астық қабылдау орнының жұмысшысы Жасұлан Баймұқанов. Серіктестікке биыл орналасты. Ағамыз алқаптан келетін дәнді тазалайды.

ЖАСҰЛАН БАЙМҰҚАНОВ, “UNITE-ИНВЕСТ” ЖШС жұмысшысы, Уәлиханов ауданы:
– “Мен бұл жерде бірінші жыл жұмыс істеп жатырмын. Ұжым өте тамаша, бәріміз бір-бірімізбен жақсы араласамыз. Еңбекақымыз уақытылы беріледі, ешқандай кідіріс жоқ”.

Жиым-терім науқанының нәтижесі бойынша шаруашылық 7 мың тоннаға жуық астықты қамбаға құйды. Жалпы, аталмыш ауданда 158 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі бар. Бүгінде олардың 123-і орақ науқанын толық аяқтап үлгерді.

Жаннур Бектурганова