Қоғам

Солтүстікқазақстандық бишілер Таиланд пен Малайзияда сәтті өнер көрсетті

Солтүстікқазақстандық спорттық бал биі шеберлері айды аспаннан шығарды. Көз сүйсіндіретін қимылдарды әбден меңгерген қылықты да сымбатты қыз-жігіттер халықаралық 2 бірдей жарыста бөрікті аспанға атты. Сайыс Таиланд астанасы Бангкок пен Малайзияның Джохор-Бару қаласында өтті. Қос шаһарда Азия және Тынық мұхиты аймағының жабық чемпионаты ұйымдастырылды. Малайзиядағы додада Кирилл Новиков және Ярослава Кузнецова жұбы қос алтын жүлдеге қол созды. Оған қоса бас жүлде – Тайланд патшайымы кубогының иегерлері атанды.

КИРИЛЛ НОВИКОВ, ЯРОСЛАВА КУЗНЕЦОВА, Азия және Тынық мұхиты аймағы жабық чемпионатының жеңімпаздары:
– “Ұйымдастырушылар чемпионат басында кенеттен жаңа ережелер енгізді. Дегенмен, қобалжуға бой алдырған жоқпыз. Дайындаған билерімізді жоғары деңгейде орындап шықтық. Өнер көрсеткен сәттегі ерекше әсерді ешқашан ұмытпаймыз. Бұл жарыс өміріміздегі ең жарқын естеліктердің бірі болып қалары сөзсіз”.

Бәсі биік бәсекенің жалғасы Тайланд елінің Бангкок қаласында өтті. Халықаралық сайыста болашақ өнер жұлдызы Есения Руппель барлығын таңдай қаққызды. 11 жастағы петропавлдық биші сарапқа салынған 22 алтын жүлденің барлығын қанжығасына байлады.

ЕСЕНИЯ РУППЕЛЬ, Азия және Тынық мұхиты аймағы жабық чемпионатының жеңімпазы:
– “Басында кішкене қорыққаным рас, бірақ сахнаға шығар алдында өз-өзімді сабырға шақырдым. Сол маған сенімділік берді. Жаз бойы тынымсыз жаттықтым, бапкерлерім берген нұсқауларды бұлжытпай орындадым. Қатысқан барлық номинацияда топ жардым, осындай рекордтық көрсеткішке қол жеткізу – зор бақыт. Сезімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын”.

Тайланд патшайымының жеке өзі жүлде тіккен жарыста Есениядан бөлек, басқа да жерлестеріміз сәтті өнер көрсетіп, түрлі санаттағы жүлдені олжалап қайтты.

ЮРИЙ МИРОШНИЧЕНКО, СҚО би спорты федерациясының президенті:
– “”Бұл ауқымды додада Малайзия мен Таиланд елінің қатысушыларынан бөлек, Қытай, Жапония, Сингапур, Вьетнам, Гонконг, Макао, Филиппин сияқты елдерден де үміткерлер көп болды. Еуропа елдерінің ең мықты төрешілері төрелік етті. Шетелдік мамандар бәсекенің деңгейін айтарлықтай көтерді. Дегенмен, біздің қатысушылар кәсібилік, шеберлік көрсетіп, жүлделі орындарды абыроймен иеленді”.

Спорттық бал биі өңірімізде жақсы қарқынмен даму үстінде. Бәсеке жоғары. Соның нәтижесінде жерлестеріміз әлемдік аренада жеңімпаз болып жүр. Жерлестеріміздің ендігі мақсаты – алдағы жарыстарда да Қазақстанның абыройын асқақтату.

Жаннур Бектурганова