Мәдениет

Петропавлда “Қызылжар өңірінің тарихы” атты ғылыми-танымдық конференция өтті

Петропавлда “Қызылжар өңірінің тарихы” атты ғылыми-танымдық конференция өтті. Жиында аймақтың тарихын ғылыми тұрғыдан зерттеу, тарихи жадыны сақтау мен ономастика мәселелері талқыланды. Басқосуда белгілі қайраткер Дос Көшім тарихи атауларды жаңғыртудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Қызылжардың тарихы зерттеліп қана қоймай керек, нәтиже нақты атаулардан көрінуі қажет.

ДОС КӨШІМ, қоғам қайраткері, саясаттанушы:
– “Қызылжар – тарихи тұрғыдан өте бай өңір. Сондықтан жаңа тарихи зерттеулерге сай елдімекендерге, көшелер мен мектептерге осы жерден шыққан тарихи тұлғалардың есімдерін беру керек деп ойлаймын. Әлі де кеңестік кезеңнен қалған атаулар бар. Осындай коференциялар жастарға да пайдалы болады”.

Шараға зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ мектептердің тарих және география пәндерінің мұғалімдері қатысты. Мұндай жиын облыста соңғы рет 4 жыл бұрын өткен.

ЖАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы СҚО филиалының төрағасы:
– “Бүгін баяндамашылар облысқа, жер-су атауларына қатысты тың деректерді жарияламақшы. Одан бөлек өңіріміздегі идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулар бар. Мақсат – бұл атаулармен қандай жұмыстар жүргізілетінін анықтау. Осы ақпаратпен халықпен бөлісетін боламыз”.

Тарихи атау – жай ғана атау емес, ол белгілі бір кезең мен сол жерде өмір сүрген халықтың жадын сақтайтын белгі. Сондықтан Қызылжардың өткенін зерттеу ғана емес, оның тарихи келбетін бүгінгі ортадан көрсету де маңызды саналады.

Жансая Дербисова