Қоғам

Петропавл жастарына блокчейн және халықаралық хакатон мүмкіндіктері таныстырылды

Қозыбаев университетінде жастарға блокчейн технологиялары мен Web3 саласының мүмкіндіктері таныстырылды. Іс-шараны Solana Superteam Kazakhstan өкілдері ұйымдастырды. Кездесуде студенттер мен жас мамандарға цифрлық жобаларды әзірлеу, халықаралық ортаға шығу және өз идеясын дамыту жолдары түсіндірілді.

МАКСИМ АФАНАСЬЕВ, Solana Superteam Kazakhstan қауымдастығының комьюнити-лиді, Алматы қаласы:
– «Біз жай ғана бағдарламашы емес, бойында кәсіпкерлік қабілеті бар жастарды көбірек іздейміз. Бізде тегін оқыту курстары бар, сондай-ақ гранттық жүйеміз ойластырылған, хакатондар өткіземіз. Жастардың өз жобаларын әзірлеп, оларды халықаралық деңгейде таныстыруына мүмкіндік беруге тырысамыз».

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер тек теориямен шектелмейді. Қатысушылар воркшоптар арқылы жобаның идеясын таңдаудан бастап, оның алғашқы нұсқасын – MVP әзірлеуге дейінгі кезеңдерімен танысады. Іс-шараға студенттермен қатар, бағдарламалау, экономика, қаржы және дизайн салаларына қызығатын жастар да қатыса алады.

НҰРГҮЛ БОЛАТОВА, Astana Hub халықаралық технопаркі СҚОФ директоры:
– «Мұндай іс-шаралар технологиялық кәсіпкерлік белсенділігін арттыруға және осы саладағы жаңа жобаларды анықтауға ықпал етеді деп сенеміз. Қатысушылар IT-индустрия өкілдерімен, осы саланың сарапшыларымен тілдесіп, өз жобаларын таныстырып, кері байланыс ала алады».

Жоба әзірлеуге қызығушылық танытқан жастар үшін келесі мүмкіндік – халықаралық хакатондарға қатысу. Көктемде өткен байқауда Петропавлдан келген жастар командасы қазақстандық сайд-тректердің бірінде бірінші орын алған.

Сандугаш Кайырбек