Солтүстік Қазақстан облысындағы косметика нарығында ресейлік брендтің қатары толықты. Атақты “Elitmud” компаниясы аймағымызға табиғи минералды балшық негізіндегі өнімдерін ұсынып отыр. Кәсіпорынның негізгі бағыты – тері күтіміне арналған косметика шығару.
КСЕНИЯ КАТАЙЦЕВА, “Elitmud” брендінің өндірушісі, РФ:
– “Біз минералды балшық өндірумен 10 жылдан астам айналысамыз. Ал косметика шығара бастағанымызға 6 жыл толып отыр. Минералды балшық дерматология саласында маңызды рөл атқарады. Оның 92 пайыз тиімділігі дәлелденген. Сондықтан аталған материалды косметикалық өнімдердің негізгі компоненттерінің бірі ретінде қолдануды шештік”.
Бұл компания бұрын Қазақстан нарығында болмаған, елімізге ең алдымен Солтүстік Қазақстан облысы арқылы шығуды жөн көріпті. Бұған себеп – аймағымыз бен Қорған облысының көршілес орналасуы. Кәсіп иелерінің айтуынша, солтүстікқазақстандықтардың іргелес өлкедегі Медвежье көлін жақсы білуі де брендтің тарихын таныстыруға, сауданы арттыруға мүмкіндік береді.
КСЕНИЯ КАТАЙЦЕВА, “Elitmud” брендінің өндірушісі, РФ:
– “Брендтің өнімдері 2 бағытқа бөлінеді. Біріншісі – тазарту. Оған сусабын, сабын, энзимді ұнтақ және бет жууға арналған гель бар. Ал екінші бағыт – ылғалдандыру. Олардың қатарына жақпамай, маска және шашқа арналған кондиционерді жатқызамыз”.
Өнімдердің басым бөлігі шағын, жолға алып жүруге ыңғайлы форматта шығарылады. Бұл бағыт компанияның шипажайлармен, SPA және Wellness орталықтарымен бірлескен жұмысына байланысты қалыптасқан.
ЕВГЕНИЯ ХОЛОДНЫХ, қала тұрғыны:
– “Бүгін ерекше таныстырылымға қатыстым, маған өте ұнады. Мұнда сусабындар мен түрлі косметикалық өнімдер балшық негізінде жасалған. Теріні ылғалдандыратын тауарды қолданып көрдім. Иісі жағымды, оңай жағылады әрі тез сіңеді. Бетке де, денеге де қолдануға болады”.
“Elitmud” косметикасының тауарларын Жабаев көшесі, 157 мекен жайында орналасқан “Мик” дәріханасында және Kaspi онлайн-дүкенінде сатып алуға болады. Кемі 5 мың теңге тұрады. Компания өкілдері биыл көктемде Алматы қаласында өткен ірі сұлулық көрмесіне қатысып, отандық тұтынушылардың сұранысын зерттеген. Алдағы уақытта тауарды Қазақстанның өзге өңірлеріне шығару жоспарланған.
Аружан Султанова