Қоғам

Дауыс зорайтқышы бар дрон тұрғындарды қырағы болуға шақырды

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері ерекше профилактикалық акция өткізді. Мағжан Жұмабаев көшесі бойындағы «Dostyq Mall» сауда-ойын-сауық орталығы алдында дауыс зорайтқышы бар дрон тұрғындарға үн қатты. Құрылғы адамдарды жолдан өтер алдында қыраға болуға шақырды. Мұндай бастама «Жаяу жүргіншіге назар аударыңыз!» акциясы аясында қолға алынды.

БАХТИЯР ДОЩАНОВ, Петропавл қаласы ПБ ППБ взвод командирі:
–  “Акцияның негізгі мақсаты – жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қауіпсіздігін арттыру. Барлық жол қозғалысының қатысушыларына үндеу жасаймын! Жүргізушілерді жылдамдық режимін сақтауға, жаяу жүргіншілерге арналған өткелдерге адамдарға жол беруге шақырамын”.

Мұндай бастама бекерден-бекер қолға алынған жоқ. 8 айда өңірде 342 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 28 адам қаза тапты және 490 адам жарақат алды. Жекелей тоқталсақ, апаттың 112-сі жаяу жүргіншілердің қатысуымен болған. Салдарынан 4 кісі өмірмен қоштасты. Жарақаттанғандардың саны 100-ден асады. Яғни, зардап шеккендер бар жайттардың шамамен үштен бірін тұрғындарды қағып кету деректері құрайды.

БАХТИЯР ДОЩАНОВ, Петропавл қаласы ПБ ППБ взвод командирі:
– “Жаяу жүргіншілер жолды тек белгіленген жерден кесіп өтуі керек. Осы сәтте адам өзінің қауіпсіздігіне көз жеткізу керек”.

«Жаяу жүргіншіге назар аударыңыз!» жедел-профилактикалық іс-шарасы 3 күнге созылды. Нәтижесінде жол қозғалысы ережелерін бұзудың 282 дерегі анықталды.

Байболат Култанов