НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
– “Бұл – Жұмысшы кентіндегі Добролюбово көшесі. Қазір қалалықтардың біразы жазғы аяқ киіммен жүрсе, мұндағы тұрғындар әлі резеңке етіктерін шешпеген. Көріп тұрғандарыңыздай, батпаққа батқан көшемен адам жүрмек түгілі, көліктің өтуі қиындап кеткен”.
Көшедегі көріністі көрсең, еріксіз еңсең түседі. Тұрғындар үшін есік алдына шығу мұң болып тұр. Жолға тас төселмеген. Жауыннан соң жер ми батпаққа айналып шыға келеді. Жұмыс істейтін жандар мен мектепке баратын оқушылар екі аяқ киіммен жүруге мәжбүр.
САНДУҒАШ МҰҚАТАЕВА, қала тұрғыны:
-“Балалардың мектепке баруы қиындап кетті. Көшеде зейнеткерлер көп тұрады. Бұл жағдай жыл сайын көктем мен күз айларында орын алады.
Тұрғындар бір күн жауған жаңбырдың зардабын бір ай тартамыз дейді. Көшеге қиыршық тас осыдан 10 жыл бұрын төселіпті. Аталған көшеде тұратын көлік жүргізушілерімен де тілдестік. Олар да біршама қиындыққа тап болғандарын жеткізді.
ВЯЧЕСЛАВ СУРОВЦЕВ, қала тұрғыны:
– “Батпақтың әсерінен көлігім лайланады. Күнде жууға тура келеді. Шұңқырлардан өтемін деп машинаның астын да соқтым. Оны қалпына келтіру де қып-қызыл ақша. Жергілікті әкімдіктен қолдау күтеміз.
Тұрғындардың базынасы бойынша қалалық әкімдікке хабарласып, мәселені жеткіздік. Жауаптылар жауап беруден қашпады.
БЕРДІМҰРАТ БАЙМҰҚАН, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:
– көшенің соңына дейінгі жол учаскесінде орташа жөндеу жүргізіледі. Жоба аясында суағарларды орнату, асфальт төсеу және жолды жөндеуге қажетті басқа да жұмыстар қарастырылған. Асфальт төсеу жұмыстары келесі жылға жоспарланған”.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, жақында көше бойына суағарларды орнату жұмыстары басталады. Қолдаудан үмітті жерлестеріміз айтылғанның барлығы уәде күйінде қалып кетпесе игі дейді.
Нурасыл Ахмет