Облыстық полиция департаментінің басқармалары мен бөлімдерінің бастықтары «Мобильді академияда» біліктілік арттыруда. ҚР Ішкі істер министрлігінің бұл жобасы бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келеді.
Қыркүйектің 18-ші жұлдызына дейін жалғасатын курс «Бөлім басшыларының кәсіби құзыреттерін жетілдіру» деп аталады. Солтүстікқазақстандық полицияның аға офицерлерімен Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясының оқытушылары жұмыс істеуде.
НҰРСҰЛУ ИБРАИМОВА, ҚР ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясының кафедра басшысы:
– “Курс аясында қазіргі ҚР заң жүйесіндегі болып жатқан жаңашылдықтар, жаңа Конституциямыздың әкелетін өзгерістері туралы, қазіргі заманғы басшыларға қойылатын басқару талаптары бойынша тақырыптар жүргізіледі”.
Курс бағдарламасында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын талдау, құқық қолдану практикасы, заңнамадағы соңғы өзгерістер, жеке құрамды басқару мәселелері, басшылық етудің психологиялық аспектілері және басшылардың тиімді жұмысына қажетті басқа да бағыттар қамтылған.
«Мобильді академия» жобасы басшылық құрамның кәсіби деңгейін арттыруға, ішкі істер органдары қызметкерлерінің заманауи басқару құзыреттерін дамытуға және мамандардың сапасын арттыруға бағытталған.