Петропавлға Назарбаев Университетінің президенті Вакар Ахмад бастаған делегация жұмыс сапарымен келді. Елордалық меймандар Қозыбаев университетінің ғылыми инфрақұрылымымен танысты. Оның барысында қонақтар Қазақстан-Қытай бірлескен мал шаруашылығы, өсімдік биотехнология зертханасын аралап шықты. Делегация жоғары оқу орнының инженерия және медицина зертханаларында да болды. Медицина факультеті білім ордасында өткен жылы ғана ашылды. Бұл бағытта 600-ден астам студент білім алады. Сонымен қатар, биыл “Стоматология” мамандығы ашылып, алғашқы талапкерлер қабылданды. Акушерлік және гинекология бойынша резидентура бағдарламасы да тізімге қосылды.
БАХТИЯР СЕРІК, М.Қозыбаев атындағы СҚУ медицина факультетінің директоры:
– “Жалпы медицинада оқу мерзімі 7 жылды құрайды. Оның 6 жылы базалық медициналық білімге, 1 жылы интернатураға арналған. Ал стоматология бағдарламасы 6 жылға есептелген. Магистратураның оқу мерзімі 1 және 2 жылды құрайды. Назарбаев Университетінің президенті Вакар Ахмадқа біздің факультет ұнады. Әсіресе, ол білім алушылар саны мен іске асырылып жатқан білім беру бағдарламаларына қызығушылық танытты”.
Делегация өкілдері Қозыбаев университетінің инфрақұрылымымен танысып, зертханаларды аралаған соң, арнайы жиынға қатысты. Мұнда қос тарап өзара серіктестіктің мүмкіндіктері жайлы пікірлерін ортаға салды.
ЕРБОЛ ИСАҚАЕВ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ ректоры:
– “Алдымен Астанадан ат терлетіп келіп отырған Назарбаев Университетінің басшылығына алғысымды білдіремін. Бүгін біз өзара ынтымақтастықтың мүмкіндіктерін бірге талқылап отырмыз. Бұл қос тарапқа да қызықты формат деп ойлаймын. Алдағы уақытта да осындай кездесулер жалғасады деген үміттемін”.
Өз кезегінде Назарбаев Университетінің президенті Вакар Ахмад та серіктестіктің маңыздылыған тоқталды.
ВАКАР АХМАД, Назарбаев Университетінің президенті, Астана қаласы:
– “Бұл – солтүстікке жасаған алғашқы сапарымыз. Қозыбаев университеті өңірдің дамуын ескеріп, жергілікті тұрғындар, фермерлер мен кәсіпорындар алдында тұрған мәселелерді шешуге ұмтылып отыр. Осы бізге ерекше әсер қалдырды. Назарбаев Университеті білім берумен қатар, зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Басымдылық жасанды интеллект пен интеллектуалды жүйелерді дамытуға бағытталған. Біз инженерия, тау-кен ісі, геология және мұнай салаларын күшейтіп келеміз. Алдағы уақытта қос тарап үшін бұл серіктестік тиімді болады деген ниеттемін”.
Айта кетейік, кездесу барысында Қозыбаев, Назарбаев және Аризона университеті арасында үшжақты серіктестікті орнату мүмкіндігі талқыланды. Бұдан бөлек Вакар Ахмад жергілікті жоғарғы оқу орнының басшылығын аталмыш бастамаларды одан әрі талқылау үшін Астанаға шақырды.
Улан Ыдырыс