Назарбаев Университетінің өкілдері жұмыс сапарының екінші күнінде облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовпен кездесті. Еліміздегі жетекші білім ордаларының бірі Қозыбаев университетімен бірлесіп аймақта бірнеше жобаны жүзеге асырмақ. “Бұл шаралар өңірдегі кадр тапшылығын жойып, экономикамыздың дамуына тың серпін береді”, – деді аймақ басшысы.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– “Бүгінгі кездесу — өзара тәжірибе алмасып, алдағы ынтымақтастықтың бағыттары мен мақсаттарын айқындауға жақсы мүмкіндік. Назарбаев Университеті еліміздегі білім мен ғылымды дамытуға елеулі үлес қосып келе жатқан жетекші оқу орындарының бірі деп білеміз. Сондықтан бүгінгі пікір алмасудың біз үшін маңызы зор. Кездесуіміз нәтижелі өтіп, нақты ұсыныстар мен жаңа бастамаларға негіз болады деп сенемін”.
Алдағы уақытта Назарбаев Университетінің профессорлары облысқа келіп, тәжірибелерімен бөліседі. Тиісінше, жергілікті мамандар да аталған білім ордасына барып, біліктіліктерін арттырады. Шара барысында жасанды интеллект пен озық технологиялар арқылы студенттерді оқыту мәселесіне де баса назар аударылды. Сонымен қатар, жуырда меймандар теріскей табиғатын зерттегісі келеді екен.
ВАКАР АХМАД, Назарбаев Университетінің президенті, Астана қаласы:
– “Қозыбаев университетінің мүмкіндігімен таныстық. Инфрақұрылым бойынша еліміздегі жетекші білім ордаларының бірі деп нық сеніммен айта аламын. Біз сіздермен 7 бағыт бойынша жұмыс істегіміз келеді. Олардың ішінде ауыл шаруашылығы, су ресурстары сияқты маңызды салалар бар. Әріптестігіміз өрге жүзеді деп сенемін”.
Алқалы жиын соңында Назарбаев Университеті мен жергілікті білім ордасы арасында өзара ынтымақтастық бойынша меморандумға қол қойылды.
Нурасыл Ахмет