Облысқа ҚР Президентінің Іс басқармасы медициналық орталығының дәрігерлері келді. Олар 2 күн бойы өңір тұрғындарымен тілдесіп, кеңес береді. Жергілікті мамандармен тәжірибе алмасады. Сонымен қатар, заманауи диагностика және емдеу тәсілдерін үйретіп, күрделі клиникалық жағдайларды бақылайды. Мәселен, уролог-дәрігер Олжас Жайшыбеков таңнан бастап 3 ота жасап үлгерген.
ОЛЖАС ЖАЙШЫБЕКОВ, ҚР Президентінің Іс басқармасы медициналық орталығының уролог-дәрігері:
– “Жақында облыстық ауруханаға Германиядан ультрадыбыстық қондырғы әкелініпті. Бұл құрылғы арқылы бүйректегі тасты оңай алып тастауға көмектеседі. Біз жергілікті мамандарға оны қолдануды үйретіп жатырмыз. Алдымен ауыз арқылы ішке кішкентай заманауи холангиоскопты енгіземіз. Тас көрінген кезде оған лазерді бағыттап ұсақ құмға айналдырамыз. Кейін қалдықтарды арнайы сорғышпен сорып аламыз”.
Облыстық көпбейінді аурухананың урология бөлімшесінде жылына шамамен 1100 ота жасалады. Науқастардың 70 пайызы бүйректегі тасты алып тастау бойынша жүгінеді екен.
АЛЕКСАНДР ЛИ, облыстық көпбейінді аурухананың урология бөлімшесінің меңгерушісі:
– “Жаңа қондырғы адам қолы жете алмайтын бұрыштарға бұрыла алады. Бұрынғыдай теріні кеспейміз. Қан кету қаупі өте төмен. Науқас отадан кейін қатты ауырсынбайды. 4-5 күннен кейін үйге жібере аламыз. Білікті дәрігерлерден заман игілігін қолдануды үйреніп алсақ, нұр үстіне нұр болар еді”.
Айта кету керек, облысқа елордадан хирург, нейрохирург, уролог және гинеколог дәрігерлер келді. Мұндай шаралар медициналық тәжірибені жетілдіріп, өңірде емдеудің заманауи әдістерін кеңінен қолдануға мүмкіндік береді.
Нурасыл Ахмет