Облыстық полиция департаментінің бастығы Руслан Назаров жұмыс сапарымен Шал ақын және Тимирязев аудандарында болды. Өңірдің бас тәртіп сақшысы алғаш аталған ауданда полиция бөлімінің жеке құрамымен танысып, негізгі міндеттер айқындалды. Аталған аймақ жыл сайын дамып келеді. Көшіп келуші отбасылардың саны артуда. Руслан Самарбекұлы шенділерге зорлық-зомбылыққа жол бермеуді, алкогольдік қылмыстардың алдын алуды тапсырды.
Ал Тимирязев ауданындағы кездесуде жеке құрамды толықтыру және бос лауазымдарды жасақтау мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, кәсібилік, тәртіп және азаматтарға деген қарым-қатынас бойынша сөз қозғалды. Шараға қатысқан сала ардагерлері ізбасарларына ақыл айтып, ақжолтай тілектерін жеткізді. Алқалы жиын соңында аудан әкімі Ерлан Жаров полиция бөліміне су жаңа қызметтік автокөліктің кілтін табыстады.
ЕРЛАН ЖАРОВ, Тимирязев ауданының әкімі:
– “Полиция бөлімімен тығыз қарым-қатынастамыз. Биыл тәртіп сақшыларына бірнеше байланыс құралын сатып алдық, автокөлік пен дрон бердік. Жыл сайын ауыл көшелеріне жаңа бейнебақылау камераларын орнатамыз. Ағымдағы жылы аудан орталығында жедел басқару орталығы салынды”.
Айта кетейік, биыл облыста 1400-ден астам құқықбұзушылық тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17 пайызға кем.
Нурасыл Ахмет