Білім

Марафон басталды: кітап оқып, ақшалай жүлде ұтып алыңыз!

Қазақстанда «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафоны басталды. Мақсат айқын – отандастарымыздың оқу мәдениетін дамыту, оқырмандық сауаттылықты арттыру. Бастама 2027 жылғы наурыз айына дейін жалғасады. Аяқталған соң қорытынды сынақтар мен зияткерлік квиздер өткізу жоспарланған. Қатысушылар әртүрлі бағыттағы 15 кітапты оқуы қажет. Туындылар 7 санаттың бірін көрсету арқылы таңдалады.

ЖАРАСБАЙ СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР құрметті журналисі, СҚО құрметті азаматы:
– “«Кітап оқитын мектеп» – 6-10 сынып оқушылары; «Кітап оқитын колледж» – колледж студенттері; «Кітап оқитын университет» – жоғары оқу орындарының студенттері; «Кітап оқитын педагог» – мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушылары; «Кітап оқитын әулет» – отбасылық командалар; «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» – мемлекеттік қызметшілер; «Кітап оқитын зияткер» – жасына және кәсіби қызметіне шектеу қойылмаған, кітап оқуға қызығушылық танытқан барлық азаматтарға арналған бағыт”.

Марафонға қатысу үшін алдымен жобаның ресми сайтында тіркеліп, өзіңізге сәйкес бағытты таңдайсыз. Тіркеуден өткеннен кейін жеке кабинет ашылады. Осы жерде қатысушылар оқыған шығармалары туралы қысқаша пікірлерін жариялайды.

ЖАРАСБАЙ СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР құрметті журналисі, СҚО құрметті азаматы:
– “Кітап оқу кезеңі аяқталғаннан кейін қатысушылар қорытынды тестілеуден өтіп, зияткерлік квиздерге қатысады. Өңірлік кезеңдердің қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады. Өңірлік кезеңнің жеңімпаздарына ақшалай сыйлықтар қарастырылған”.

Қолда бар деректерге сүйенсек, еліміз бойынша марафонға қатысуға 1 млн адам өтініш білдірген. Дегенмен, бұл әлі нақты көрсеткіш емес. Қатысушыларды тіркеу науқаны қыркүйектің 20-шы жұлдызына дейін жалғасады. Осы уақытқа дейін оқырман саны еселеп артады деген болжам бар.

Байболат Култанов