Ауыл шаруашылығы

Ақжарлық диқандар гектарынан 24-28 центнер өнім жинауда

ЖАННҰР БЕКТҰРҒАНОВА, тілші:
– “Ақжар ауданындағы “Ақ-ниет Агро и К” серіктестігі 19 мың гектар жерге егін еккен. Қазіргі таңда мұнда орақ науқаны қызу жүріп жатыр. Алқаптарында 50-ден астам бірлік техника жүр. Шаруашылық мол көлемде және сапалы өнім жинау мақсатында 1,5 мың тонна минералды тыңайтқыш алған”.

Серіктестікте науқан тамыз айының басында басталды. Биылғы маусымда шаруашылық 9 мың гектарға – дәнді, 6 мың гектарға майлы және бұршақ тұқымдас дақылдардың тұқымын сепкен. Содан бері қырман басындағы қажырлы тірлік бір сәтке де баяулаған емес. Агроқұрылым биыл мемлекеттік бағдарламамен берілетін 391 тонна арзан дизель отынын, 800 тоннадан астам таңдаулы тұқым және минералды тыңайтқыш алды. Осының бәрі шығымдылыққа әсер етті, қазір диқандар әр гектарынан 24-28 центнерден өнім алынып отыр.

МАРАТ ШӘПЕНОВ, “Ақ-ниет Агро и К” ЖШС директоры, Ақжар ауданы:
– “”Кең Дала” бағдарламасымен 5%-дық несиемен таңдаулы тұқым (элитные семена) сатып алдық. Соның арқасында біз жақсы нәтижеге жетіп жатырмыз, жақсы өнім алып жатырмыз. Қазіргі уақытта егіннің 85-90% жинап тастадық. Жақсы ауа райы тұрса, 4-5 күн арасында егінді толығымен жинаймыз”.

Серіктестікте 190 адам тер төгеді. Солардың бірі – Виктор Барков. Ана тілімізді еркін меңгерген азамат бұрын Алматы облысында нан тасымалдайтын көлікте жұмыс істеген. Бүгінде отбасымен Талшық ауылында тұрады. Агроқұрылымда ақпан айынан бері еңбек етеді, КАМАЗ жүргізеді.

ВИКТОР БАРКОВ, “Ақ-ниет Агро и К” ЖШС жүргізушісі, Ақжар ауданы:
– “Осы серіктестікте жұмыс істеп келе жатқаныма 8 ай болып қалды. Жұмыс ұнайды. Айлық, аванс уақытылы беріледі. Сыйақылар да қарастырылған. Кідірістер болмайды”.

Ақжар ауданында 230 серіктестік егіншілікпен айналысады. Бүгінгі таңда мұндағы агроқұрылымдардың басым бөлігі орақ науқанын аяқтап үлгерді.

Жаннур Бектурганова