Есіл ауданының орталығы Явленка ауылында Халықаралық отбасы күніне орай мерекелік фестиваль өтті. Шарада жанұя құндылықтары дәріптеліп, аудан тұрғындары үшін түрлі мәдени және спорттық бағдарламалар ұйымдастырылды. Айтулы басқосуға ауылдық округтерден 15 отбасы қатысты. Қатысушыларды Есіл ауданының әкімі Мереке Мұхамедияров құттықтады.
АЙНАГҮЛ БЕКТАСОВА, Есіл ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары:
– “Іс-шараға алдын ала дайындалдық. Негізгі мақсатымыз – отбасы құндылықтарын насихаттау, берекелі жанұяларды көпшілікке үлгі ету. Бағдарлама барысында “Әке, ана, мен – тату отбасымыз” атты спорттық жарыс өтуде. Отасқандарына 50, 40, 30, 20 және 10 жыл болған отбасыларды құрметтедік. Көпбалалы және ауданның қоғамдық өміріне белсенді араласатын жанұя мүшелеріне де алғысымызды білдірдік. Аудан әкімі дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыстады”.
Ән шырқалып, би биленген мерекеге қатысқан отбасы мүшелерінің арасында 36 жастағы көпбалалы ана Жадыра Әбиева да бар. Ол Мектеп ауылында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Ұстаздың балалары да білім мен өнерге жақын, түрлі байқауларға қатысып жүр.
ЖАДЫРА ӘБИЕВА, қатысушы, Есіл ауданы:
– “Біз 1 жыл бұрын Маңғыстау облысы, Бейнеу ауылынан келдік. Қазір Есіл ауданының Мектеп ауылында тұрамыз. Балаларым аудандық, облыстық олимпиадалар мен жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Қыздарым домбыра тартып, өнермен де айналысады. Осындай шараларға отбасымызбен белсенді қатысып тұрамыз”.
Ал Явленка ауылында тұратын Данияр мен Жазира Сәбитовтер үшін отбасы – өзара түсіністік пен қолдаудың мекені. Олар да мерекелік шараға қыздарымен қатысып, көпшілікпен бірге қуанышқа кенелді.
ЖАЗИРА СӘБИТОВА, қатысушы, Есіл ауданы:
– “Барлығы жақсы өтіп жатыр. Өміріміздегі ең басты байлығымыз – ол біздің отбасымыз. Бір-бірімізге қолдау көрсетіп, әрқашан бірге болуымыз керек. Біздің үш қызымыз бар. Осындай шараға қатысып жатқанымызға өте қуаныштымыз”.
Мерекелік бағдарламада ұлттық салт-дәстүрге де ерекше мән берілді. Қонақтарға киіз үйдің тарихы мен маңызы таныстырылды. Сонымен қатар, отбасылық өмірде өнеге көрсетіп жүрген жанұялар марапатталды. Шара барысында қатысушылар спорттық сайыстарда да бақ сынады. Ал қоғамдық қабылдау өткізген прокуратура, полиция, әлеуметтік қорғау, медицина, отбасыны қолдау орталығы қызметкерлері тұрғындардың сауалдарына жауап берді.
Аружан Султанова