ЖАННҰР БЕКТҰРҒАНОВА, тілші:
– “Біз қазір облыс орталығынан ең шалғай орналасқан Уәлиханов ауданындамыз. Мұнда іргелі “Жолдасбай-Агро” серіктестігі орақ науқанын қызу жүргізіп жатыр. Биыл агроқұрылым 10 мың гектар алқапқа майлы және дәнді дақылдар еккен. Дала жұмыстарына 10 жаңартылған комбайн жұмылдырылды”.
Серіктестік мамандары егін жинау науқанына тамыздың басында кірісті. Алдымен бидай жиналды, артынша комбайндар рапс пен зығыр алқаптарына түсті. Жақын арада жылдағы жұмыс аяқталады. Науқанның сәтті өтуіне мемлекеттік қолдаудың септігі бар. Агроқұрылым субсидияланған техника, арзан дизель отынын және құнының 40 пайызын ғана төлейтін минералды тыңайтқыш алған.
АЯН ЖОЛДЫБАЕВ, “Жолдасбай-Агро” ЖШС бас агрономы, Уәлиханов ауданы:
– “Алынған минералды тыңайтқыштың арқасында дақылдардың тамыр жүйесі жақсы дамыды, егін қатты ыстық пен құрғақшылыққа төтеп бере алды. Жиналған астықтың сапасы жоғары, дән маңызы үшінші классқа сәйкес келеді. Дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 15 центнер шамасында болып отыр”.
Серіктестікте 140-қа жуық адам еңбек етеді. Әрбірінің орны бөлік. Қауырт кезеңде білек біріктіріп, күн-түн демей тер төгетін мамандар – елдің азық-түлік қауіпсіздігінде негізгі рөл атқарушылар. Сәкен Бапин – тәжірибелі механизатор. Техника тізгіндегеніне 40 жыл болған азамат шаруашылықта жетінші мауысымын өткізуде.
СӘКЕН БАПИН, “Жолдасбай-Агро” ЖШС механизаторы, Уәлиханов ауданы:
– “Техника жаңарған. Кондиционері бар, пеші бар. Өлең тыңдауға болады. Серіктестік барлық техника паркін жаңартты. Жұмысқа қолайлы”.
Жиналған астықты сақтау және өткізу – ендігі міндет. Бұл бағытта “Жолдасбай-Агро” серіктестігі жоспар құрып қойған.
Жаннур Бектурганова