Бүгін филология ғылымдарының докторы, профессор Жұмағали Әшімов 70 жасқа толды. Мерейтойға орай Қозыбаев университетінде іс-шара өтті. Азамат білім ордасында 30 жылдан астам еңбек еткен. Осы уақыт ішінде тәжірибелі тәлімгер талай жастың томағасын сыпырды, жол көрсетті. Білімді жерлесімізді құттықтауға үзеңгілестері мен талай жыл бойы бірге жұмыс істеген әріптестері келді.
СВЕТЛАНА РОМАНЕНКО, филология ғылымдарының кандидаты:
– Жұмағали Мұқашұлының жақсы қасиеттері көп. Жұмысқа да, досқа да адал. Өзгеге қол ұшын тигізгенді жаны сүйеді. Қол астында да еңбек еттім. Бір ұрысып көрген емес. Қашан көрсең езуінен күлкі кетпейді.
Жұмағали Мұқашұлы университетте білім мен ғылымның дамуына зор үлес қосты. Қоғамдық өміріне де белсенді қатысты. Шара барысында профессорға құрмет көрсетіліп, иығына шапан жабылды. Университет ректоры атынан төсбелгі табысталды.
ЖҰМАҒАЛИ ӘШІМОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор:
– Мен Қарағанды облысының тумасымын. Аталған өлкеде өстім, білім алдым. Ал теріскейге 1994 жылы келдім. Кішкентайымнан әдебиетке жақын болдым. Мүмкін, сол себепті шығар, филологияны таңдағаным. Өз басым кез келген шығарманың тарихын, көркемдік ерекшелігін зерттегінді жақсы көремін. Сонымен қатар, мәтіндерді зерттеп, талдағанды жаным сүйеді.
Мерейтой иесі университетте еңбек етуді жалғастыра бермек. Басты мақсаты – елді әлемге танытатын шәкірт тәрбиелеу.
Нурасыл Ахмет