Үйлері бүтін, жолдары бұзылмаған, сырланған қоршауы, жымың қаққан адамдары бар ауылдарды көрсек, қуаныш кеудені кернейді. Сондай елдімекеннің бірі де бірегейі – Есіл ауданындағы Заградовка. Бұл жердің дамуына жергілікті “Прометей-Агро” серіктестігі зор үлес қосуда. Виктория Макасееваның аталған агроқұрылымда еңбек етіп жүргеніне 10 жылдан асқан. 2023 жылы басшысы оған су жаңа баспана сыйлаған.
ВИКТОРИЯ МАКАСЕЕВА, “Прометей-Агро” ЖШС есепшісі, Есіл ауданы:
– “Серіктестік басшылығы жұмысшыларға ерекше көңіл бөледі. Әрқайсысына баспана беріп, ішін керекті заттармен қамтиды. Директорымыз бізден тек талмай еңбек етуімізді сұрайды. Алғысымыз шексіз. Заградовкадан ешқашан көшпеймін”.
Жергілікті кәсіпкер жұмысшыларын ғана емес, ауылдың өміріне де араласады. Серіктестік басшысы Юрий Шоль өз қаражатына мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізген. Қазіргі таңда білім ұясында 100-ден астам бала білім алуда.
АЛЁНА ЛОСЬ, Заградовка орта мектебі директорының орынбасары, Есіл ауданы:
– “2014 жылы серіктестік есебінен мектепке пластикалық терезелер орнатылды. Ал 2020 жылы ғимараттың шатыры толықтай ауыстырылды. Сондай-ақ, агроқұрылымның оқу орнының материалдық-техникалық базасын дамытуда, мектеп аумағын абаттандыруға қосып отырған үлесін де атап өткен жөн. Өздеріңіз көріп отырғандай, биыл аумаққа әдемі кеспетас төселді. Оған шамамен 6 млн теңге жұмсалды”.
Кәсіпкер тұрғындарға, ауылға көмектесуден еш жалыққан емес. Оның өмірлік ұстанымы – өзі жұмыс істеп отырған елдімекенді жыл сайын дамыту.
ЮРИЙ ШОЛЬ, “Прометей-Агро” ЖШС басшысы, Есіл ауданы:
– “Соңғы 6 жылда 16 үй салдық. Хоккей кортын қолданысқа бердік. Түрлі іс-шараларды өткізуге мүмкіндік беретін мәдени-сауықтыру кешені бой көтерді. Қыста ауылдың жолдарын қардан тазалаймыз. Мемлекеттен зор қолдау алып отырмыз. Бізден де қайтарым болу қажет деп санаймын”.
Айта кету керек, қазіргі таңда қамқор диқаны бар Заградовка ауылында мыңға жуық адам тұрады.
Нурасыл Ахмет