Ауыл шаруашылығы

Германиядан СҚО-ға – Қызылжар ауданына 165 бас асыл тұқымды ірі қара жеткізілді

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында биыл Үкімет қаулысымен мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Оны “Береке” және “Игілік” бағдарламалары бойынша іске асыруға біздің өңірге 15 млрд теңге бөлінді. Қазіргі күні облыста 22 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жоспар бойынша теріскейге 8,1 мың ірі қара мен 1,5 мың қой әкелу көзделген. Асыл тұқымды мал Австралия, Германия, Дания, Венгрия және Литвадан жеткізіледі.

ТАЛҒАТ НАУРЫЗБАЕВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:
– “Жоғары генетикалық әлеуеті бар малды әкелу өнімділікті арттырып, табынның тұқымдық сапасын жақсартуға және мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдарында сүт өндіруді 260 мың тоннаға дейін, ал ет өндіруді 50,4 мың тоннаға дейін арттыру жоспарлануда”.

Бүгін кешенді жоспардың алғашқы нәтижесі де өз жемісін берді. Теріскейге асыл тұқымды малдың бірінші партиясы келді. Голштин-фриз ірі қарасы 2 тәулік ішінде сонау Германиядан Қызылжар ауданындағы “СК Агро 2050” серіктестігіне жеткізілді.
Агроқұрылым “Береке” бағдарламасы бойынша “Солтүстік” ӘКК арқылы 1,4 млрд теңге алған. Бұл қаражатқа кәсіпорын сүт-тауарлы фермаға 660 бас асыл тұқымды мал сатып алмақ. Ірі қара кезең-кезеңімен жеткізілетін болады.

ВЛАДИМИР СЕРГЕЕВ, “СК Агро 2050” ЖШС тауарлы-сүт фермасының басқарушысы, М.Жұмабаев ауданы:
– “Қазіргі таңда кезекті мал партиясы жеткізіліп отыр. Бұл үлкен жобамыздың бірінші кезеңін аяқтауға мүмкіндік беріп отыр. Бүгінде сауын сиырлардың санын 1200 басқа жеткіздік. Бұған дейін біз Германиядан 330 бас, Украинадан 256 бас ірі қара әкелдік. Мал аман-есен қыстан шығып, төлдеді. Қазір тәулігіне 15 тонна сүт өндіреміз. Жаңадан жеткізілген зеңгі баба төлін енді жіті қадағалайтын боламыз. Ветеринарлар малды карантинде ұстап бақылайды”.

Ірі қараның голштин-фриз тұқымы суыққа төзімділігімен әрі жоғары сүттілігімен ерекшеленеді. Әр сиыр тәулігіне орта есеппен 40 литрге дейін сүт береді. Өнімділікті арттыру мақсатында “СК Агро 2050” серіктестігі асыл тұқымды мал санын көбейтуде. Алдағы уақытта кәсіпорын сүт-тауарлы ферманы толық қуатқа шығарып, жылына 39 мың тонна сүт өндіруді жоспарлап отыр.

Улан Ыдырыс