ЖАННҰР БЕКТҰРҒАНОВА, тілші:
– “Ақжар ауданында орақ науқаны қарқынды жүріп жатыр. Біз қазір аталған аймақтағы “НР-Агро” серіктестігіне аяқ бастық. Биыл бұл агроқұрылым 6 мың гектар алқапқа дән сіңірді. Ырыс дәнін жинауға тамыздың басында кіріскен. Бүгінгі күнде маңызды жұмыстың 70%-ы аяқталды”.
“НР-Агро”-ның алқабында дәнді және майлы дақылдар өсіріледі. Дала жұмыстарына 15 техника жұмылдырылған. Орақ науқаны тәулік бойы тоқтаусыз жүріп жатыр.
ШОЛПАН СМАҒҰЛОВА, “НР-Агро” ЖШС директоры, Ақжар ауданы:
– “Бастапқыда егіс алқабы 500 гектар ғана болды. Қазір оны 6 мың гектарға дейін кеңейттік. Шаруашылық қажетті заманауи техникамен толық қамтамасыз етілген, жыл сайын субсидия аламыз. Жұмысшыларымыздың жалақысы уақытылы беріледі, сондай-ақ оларды толықтай мал азығымен және таза астықпен қамтамасыз етіп отырамыз”.
Жаңа әрі қауқарлы техника бітік өскен егінді шашау шығармай жинауға ықпал етеді. Дмитрий Тимченко биыл қытайлық “Lovol 120” комбайнын тізгіндепті. Білікті механизатордың айтуынша жаңа техниканың іші жайлы. Таңнан кешке дейін танап басында тер төгетін еңбек адамы үшін бұл таптырмас тірек.
ДМИТРИЙ ТИМЧЕНКО, “НР-Агро” ЖШС механизаторы, Ақжар ауданы:
-“Мен мініп жүрген қытайлық комбайн шағындау келген. Бірақ, өнім жинауда осал емес. Жылдам қозғалады. Дәнді таза жинайды. Ішінде кондиционер мен климат-бақылау жүйесі де бар”.
Биылғы жаз жауын-шашынға мол болған жоқ. Тиісті шаралардың уақытылы жүргізілуінің нәтижесінде серіктестік те ұтылмаған сыңайлы. Қазір әр гектардан 16-20 центнерден өнім алып жатыр.
НИКОЛАЙ МУЛИН, “НР-Агро” ЖШС бас агрономы, Ақжар ауданы:
– “Бұл нәтижеге минералды тыңайтқыш енгізудің және мемлекеттік қолдаудың арқасында қол жеткіздік. Әсіресе, осындай құбылмалы ауа райында зығырды гектарына 10 центнерден жинап жатырмыз. Бұл – тәуекелді егіншілік аймағы үшін жақсы көрсеткіш болып саналады”.
Жоспар бойынша егін жинау жұмыстары қыркүйек айының соңына дейін аяқталуы тиіс.
Жаннур Бектурганова