Бескөл ауылындағы №3 орта мектепте жол қауіпсіздігіне арналған акция өтті. Бұл – жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі шара.
ӘСЕТ ТОҚТАМЫС, учаскелік инспектор, Қызылжар ауданы:
– “Бүгін балалармен әңгімелесу барысында жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңызын түсіндірдік. Сонымен қатар, жолды қалай дұрыс кесіп өту керектігін және қай жерден өту қажет екенін айттық. Оқушыларға жарық қайтарушы ленталар да таратылды. Қазір күзгі-қысқы кезең басталып, күн ерте батады. Сондықтан, мұндай ленталар жүргізушілерге жолдағы жас жаяу жүргіншілерді дер кезінде байқауға көмектеседі”.
Балаларға берілген бір қарыс сары лентаның көрсетер қызметі орасан зор. Әсіресе, түскі ауысымда оқитын оқушылардың сабағы ымырт үйірілгенде бітеді. Алыстан-ақ көзге түсетін лента жеткіншектердің сөмкесіне немесе қолына тағылады. Осылайша, кішкентай ғана құрал бір бүлдіршіннің өмірін сақтайды.
АЛЕМА РЫМБЕК, оқушы, Қызылжар ауданы:
– “Лента көліктің жарығы түскенде оны шағылыстырады. Сонда жолда келе жатқан жүргізуші бізді байқап қалып, жаяу жүргіншілер жолағына жақындай бере жылдамдығын баяулатады”.
Акцияға 350 бала қатысты. Балалар мамандардың кеңесін тыңдап, жол қауіпсіздігі туралы білімдерін толықтырды. Шара аудандық полиция бөлімшесі мен білім бөлімінің бірлесуімен ұйымдастырылды.