Бескөлдегі №3 орта мектепте бүгінгі сабақтың сәні де, мазмұны да бөлек болды. Отбасы күніне арналған апталық аясында оқушылар ұлттық қолөнердің қыр-сырын үйреніп, үлкендердің өнегесін тыңдады. Қыздар жағы әжелерден тоқыма тоқудың тәсілдерін, ал ұлдар қамшы өрудің түрлі әдістерін меңгерді. Ақ жаулықты әжелердің жанында отырған қыздар мұндайды күнде көре білмейді. Олар әр ілмектің қыр-сырын үйрене отырып, ежелгі дәстүрмен танысты. Бақыт Бексұлтанова – тоқыма өнерінің шебері. Ол қазір өз тәжірибесімен жас ұрпақпен бөлісіп жүр.
БАҚЫТ БЕКСҰЛТАНОВА, тоқыма тоқу шебері, Қызылжар ауданы:
– “Бүгін мектепке келіп, өнерімізді қыздарымызға үйретіп отырмыз. Жас кезімізде кесте, тоқыма тоқып, құрақ құрайтынбыз. Қазіргі жастарымыз мұндай қолөнермен айналыса бермейді”.
Тоқыма тоқу – ұқыптылықты қажет ететін өнер. Ал қамшы өру ептілік пен шыдамдылықты талап етеді. Сондықтан ер балаларға арналған шеберлік сабағы да қызықты өтті. Ата-бабамыз қолынан тастамаған қамшы мықты әрі сәнді болуы тиіс. Сол үшін жастарға бірнеше тәсіл көрсетілді. Шебердің әр қимылын жіті бақылаған жастың бірі – 5-ші сынып оқушысы Ерасыл. Көркем еңбек сабағын ерекше ұнататын оқушы үшін бүгінгі сабақ қызықты әрі пайдалы тәжірибеге айналды.
ЕРАСЫЛ ДӘРІБАЙ, оқушы, Қызылжар ауданы:
– “Сабақта қамшы өруді үйрендім. Маған бұл сабақ ұнады. Алғашында сәл қиындау болды. Әсіресе, төрт таспалы өру қиын екен, ал үш таспалы өру жеңіл болды. Болашақта қамшы өруді меңгергім келеді”.
Қазіргі қоғамда ұрпақтар сабақтастығы аса қажет дүние. Мұндай іс-шаралар ұлы өнеріміздің ұмытылмауына, әрі қарай жалғасуына септігін тигізеді.
ОРАЛХАН ҚАРЖАУ, Қызылжар аудандық отбасын қолдау орталығының басшысы:
– “Оқушылар аға-буын өкілдерімен кездесіп, ашық әрі жылы пікір алмасуда. Кездесу барысында отбасылық құндылықтар, салт-дәстүрлер, өзара сыйластық туралы айтылып жатыр”.
Қызылжар ауданында шеберлер де, бойында ұлттық рухы жалындаған жастар жетерлік. Олар болашақта қолөнерімізді дамытуға дайын.
Жансая Дербисова