Петропавлда ашық аспан астында “Отбасылық бақыт коды” атты интерактивті шара ұйымдастырылды. Басты мақсат – жанұя мүшелерін жақындастырып, ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайту.
АНАСТАСИЯ ВОЛКОВА, облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы:
– Шарада 20-ға жуық отбасымен түрлі ойын ойнауды жоспарлап отырмыз. Алдымен ерлі-зайыптылар кино, музыка, ұлттық құндылықтарға қатысты сұрақтарға жауап береді. Кейін отбасы мүшелерінің бір-бірін қаншалықты білетіндігі сыналады. Тапсырмаларды дұрыс орындаған жанұяларға кітаптар мен тәтті сыйлықтар табыстаймыз.
Андрей мен Мәдинаның отау құрғандарына 17 жылға жуықтаған. Қазіргі таңда 1 қыз тәрбиелеп отыр. Олар “Отбасылық түйсік” ойынында жүргізушінің сұрақтарына “мен” немесе ол” сөздері жазылған таяқшалар арқылы жауап берді.
МӘДИНА ЖАҚСЫМБЕТОВА, қала тұрғыны:
– Бізге 20 сұрақ қойылды. Оның 17-сіне бірдей жауап бердік. Бір-бірімізді жақсы білетінімізге күмән келтірмедім. Қазіргі таңда екеуміз де еңбек демалысындамыз. Уақытымызды көңілді өткізуге септескен ұйымдастырушыларға алғысым шексіз.
Интерактив аясында қатысушылар отбасындағы ерекше салттары, сүйікті тағамдары және жанұялық мерекелерімен бөлісті. Ұйымдастырушылардың сөзінше, мұндай формат жақын жандардың бірге уақыт өткізіп қана қоймай, бір-бірін одан әрі жақсы тануына мүмкіндік береді.