Ауыл шаруашылығы

Есіл ауданындағы “Заградовское” ЖШС орақ науқанын аяқтады

Есіл ауданындағы «Заградовское» серіктестігінде егін жинау науқаны бір апта бұрын аяқталды. Агроқұрылым 17 мың гектар жерге иелік етеді. Бүгінгі таңда мамандар келесі егіс жұмыстарына дайындалуда. Механизатор Анатолий Клишиннің еңбек өтілі 20 жылды құрайды. Оған жүктелген міндет – алқапты көктемге әзірлеу.

АНАТОЛИЙ КЛИШИН, “Заградовское” ЖШС механизаторы, Есіл ауданы:
– “Мен биыл құлатылған астықты да, өсіп тұрған астықты да жинадым. Таңертеңнен кешке дейін жұмыс істедік. Аса машақат көрдік деп айта алмаймын. Ұйымшылдықтың, техниканың арқасында жоспарды орындадық. Өнімге көңіл толады. Ал қазіргі жұмысымда барлығын қадағалап отыру керек. Арнайы есептегіш бар, сол гектарды есептеп, соңында қорытынды шығарады”.

Анатолий Клишин сұхбат барысында саладағы мәселеге де тоқталды. Ол ауыл шаруашылығына жас кадрлар қажет деп есептейді. Мамандарды ауылда ұстап қалу керек. Ал ол үшін лайықты жағдай жасаған маңызды.

АНАТОЛИЙ КЛИШИН, “Заградовское” ЖШС механизаторы, Есіл ауданы:
–  “Қазір жастар басқа көзқараста. Оларды қалай ынталандыруға болатынын да білмеймін. Әрбір адамның бойында туған жерге деген құрмет болу керек. Мен осында дүниеге келдім, осында өстім. Мектептен кейін бірден жұмысқа кірдім. Ауыл шаруашылығы саласы ұнайды. Мамандығымды мақтан тұтамын. Біздерге лайықты жағдай жасалған, жалақы уақытылы төленеді”.

Серіктестік биыл да өзінің жоғары шығымды астығымен мақтана алады. Жекелей тоқталсақ, дәнді дақылдар орташа есеппен гектарынан 20 центнерден жиналды. Ал рапс пен зығыр 17 және 9 центнерден бастырылды.

ИВАН ФИСЕНКО, “Заградовское” ЖШС директоры, Есіл ауданы:
– “Егістік алқаптарымызда қарақұмық қалды, бірақ ол әлі гүлдеп тұр. Кеше ғана 200 гектарда өскен өнімді құлаттық. Қазір өзге дала жұмыстары қатар жүруде. Біз келер жылды бүгіннен ойлаймыз. Химиялық өңдеу, танаптарды жырту – күздегі жоспарда бар шаруа. Бұның барлығына себепші мемлекет екенін сенімді түрде айтамын. Минералды тыңайтқыштарды «60/40» жобасы аясында алдық. Бір жарым мың тоннадан астам тыңайтқыш қолданылды. Арзандатылған дизель отыны тағы бар. Осылар зор жетістікке әкелді”.

Астықты жинау ғана емес, оның сақталуын да қамтамасыз ету маңызды. Сақтау үшін кәсіпорында жалпы сыйымдылығы 37 мың тоннаны құрайтын арнайы орындар дайындалған.

Байболат Култанов