Ауыл шаруашылығы

“Asyl Farms” серіктестігі 58 мың гектардан өнім жинауда

Шал ақын ауданында жиым-терім науқаны қызу жүріп жатыр. Биыл “Asyl Farms” серіктестігі 58 мың гектар алқапқа күнбағыс, бидай, картоп және рапс еккен.

САМАТ МҰҚАТАЕВ, “Asyl Farms” ЖШС бас инженері, Шал ақын ауданы:
– “Биыл 22,5 мың гектарға күнбағыс, 22 мың гектарға бидай септік. Сонымен қатар, 78 гектарға картоп, 56 гектарға жүгері ектік. Астықтың берекелігі жақсы. Мемлекеттік қолдаудың барлық мүмкіндігін пайдаланып отырмыз. Техникаға керекті бөлшектер мен арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз етілдік”.

Бұдан бөлек шаруашылық 13 мың гектар алқапқа рапс еккен. Агроқұрылым қазіргі күннің өзінде оның жартысын жинап, дақылды қамбаға басып үлгерген. Орташа өнімділік гектарына 15 центнерді құрап отыр. Серіктестік алдағы уақытта бидай мен күнбағыс алқаптарынан астық жинауды жоспарлап отыр. Механизаторлар науқанды уақытылы аяқтау үшін таң қылаң бере салысымен іске кіріседі.

ЖАҢАБАЙ НҰҒЫМАНОВ, “Asyl Farms” ЖШС механизаторы, Шал ақын ауданы:
– “Жалақымызды уақытылы алып тұрамыз. Комбайн операторы болып жұмыс істеймін. Техника жаңа”.

Жалпы, агроқұрылымда егін жинау науқанына 200-ге жуық адам жұмылдырылған. Маңызды іске 35 комбайн және 22 трактор тартылған. Олардың басым бөлігін “Claas” маркалы техникалары құрайды.

Улан Ыдырыс