Солтүстік Қазақстан облысында 4 мыңнан астам мемлекеттік қызметші еңбек етеді. Жыл басынан бері облыста үш мемлекеттік қызметшінің құмар ойындарға қатысқандығы анықталған. Бұл дерек прокуратура органдарының мәліметтері негізінде белгілі болды. Осыдан кейін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаменті арнайы тексеру жүргізген. Ақпарат расталған соң, аталған қызметшілер жұмыстан шығарылды.
СҰЛТАНБЕК СӘКІБАЕВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің бас маманы:
– “Аяғын шалыс басқан мемлекеттік қызметшілер жұмысына бір жылдан кейін ғана қайта орналаса алады. Ал басшылық лауазымға тағайындалуына үш жылдан кейін рұқсат етіледі. Сонымен қатар, “Мемлекеттік қызмет туралы” заңға сәйкес, қызметші лауазымға кіріскен күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде “eGov mobile” мобильді қосымшасы арқылы құмар ойындарына қатысуға шектеу белгілеуге міндетті”.
Департаменттің биылғы бірінші жартыжылдықтағы мәліметіне сәйкес, облыста 470 мемлекеттік орган бар. Облыста өткен жылы құмар ойындарға қатысқаны үшін 9 мемлекеттік қызметші жұмыстан шығарылған.
Жансая Дербисова