Солтүстік Қазақстан облысында суды заңсыз пайдаланған кәсіпорындар анықталды. 12 шаруашылық өңірдегі барлық су айдындары кіретін Есіл бассейнінен тіршілік көзін рұқсатсыз алып келген. Мұндай бұзушылыққа барғандардың дені – ауылдық жерде кәсіппен айналысатын адамдар. Олар арнайы сорғыны өзен-көлдерге тастап, бау-бақшаларын суарып келген. Жауапты мамандар тиісті нормаларды ескере келе, тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Салынған айыппұлдың жалпы көлемі 4 жарым млн теңгені құрайды. Аққайыңдар өлкесінде суармалы егіншілікті дамыту көзделген. Маңызды жоспарды жүзеге асыру үшін аймақта ұзындығы ондаған шақырымды құрайтын канал да қазылмақ.
ӘСИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, «Есіл» бассейндік инспекциясы СҚО бойынша су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану бөлімінің басшысы:
– “Бұл канал бастауын Есіл өзені бойындағы Сергеев су торабынан алады. Атауы – “Иманбұрлық-Питное”. Кеңес одағы кезінде тіршілік көзі осы арна арқылы бойындағы көлдерге жетті. Енді қайтадан қалыпқа келтіру жоспарланып отыр. Мақсат – суармалы егіншілікті дамыту. Яғни, келешекте канал арқылы келетін су алқаптарды суару ісінде пайдаланылмақ”.
Байболат Култанов