САНДУҒАШ ҚАЙЫРБЕК, тілші:
– “Бүгін Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры 28-ші маусымды бастайды. Бұл жолы өнер ұжымы көрермендерін қандай жаңалықтар мен ерекшеліктер күтіп тұр? Сахна шымылдығын бірге ашып, жаңа маусымның жаңалығына көз жүгіртейік”.
Өнер ұжымы ашылу салтанатына тыңғылықты дайындалған. Көрермен көзайымына айналып үлгерген актерлер бір-бірден ортаға шақырылып, қызыл кілем үстімен жүріп өтті. Ал сахна саңлақтарын сағынған көрермен шаттана қол соқты. Биыл театр труппасы халықты рухани тұрғыда кемелдендіруді жалғастырады. Маусымға күн-түн демей әзірленген. Өзге қалалардағы әріптестерімен байланысты да нығайтыпты.
ДӘУРЕН МҰРАТҰЛЫ, С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының көркемдік жетекшісі:
– “Бүгін біз «Театр өмірі – сахна сыры» атты кеш әзірледік. Кешке сахнаның өмірінен сыр шертетін, өнер алмасатын Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының майталмандарын арнайы шақырып отырмыз. Біз жас театрмыз. Қонақтар жас актерімізбен өнер көрсетіп, үлкен тәжірибе алмасады деген ойдамыз”.
Шымылдық ашылған кеш көрерменге ерекше әсер сыйлады. Талантты актерлердің жыры, әйгілі бишілердің биі, музыкалық аспаптардың құлағында ойнайтын жандардың өнері залға жиналғандарды түрлі сезімге бөледі. Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» трагедиясындағы Джульеттаның сүт анасы жайлы шағын қойылым да жол тартты.
ШАПАҒАТ БІРЖАНҚЫЗЫ, С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының актрисасы:
– “Театрда жұмыс істеп жатқаныма бір жылдан асты. Ұжым маған қатты ұнайды. Бұл театрда еңбек жолым басталды. Алғашқы сахнам – Мұхтар Әуезовтың «Қорғансыздың күні» драмасындағы Ғазизаның анасының рөлі”.
Алдағы маусымда көрерменді бірнеше жаңа қойылым күтеді. Алайда, олардың кейбірі әзірге құпия түрде сақталуда. Жалпы, Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында осы уақытқа дейін 200-ден астам спектакль мен түрлі іс-шара өткен. Бүгінде ұжымда 50-ге жуық актер мен актриса еңбек етеді.