Петропавлда Отбасы күні қарсаңында “Күшіміз – бірлікте” атты тимбилдинг өтті. Іс-шара “Заң және тәртіп” тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылды. Шараға қаламыздың қоғамдық өміріне белсенді араласатын 5 жанұя мүшелері қатысты. Олар сайыста бірнеше нүктеге барып, түрлі тапсырмаларды орындады.
ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар орталығының басшысы:
– “Бүгінгі шараның басты мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеп, жанұя мүшелерінің бірлігін нығайту. Қатысушылар үшін қызықты квест дайындадық. Әр локацияда түрлі тапсырмалар бар. Мәселен, ребус шешіп, пазл құрастырады, жұмбақтар мен сұрақтарға жауап береді. Барлығы жеңіл әрі қызықты етіп ұйымдастырылды. Бүгінгі шараға 40-тан астам адам қатысып отыр. Олардың қатарында волонтерлер мен қоғамдық белсенділер бар”.
Шараға қатысқан Нүкеновтер отбасы да қоғамдық жұмыстарға белсенді араласады. Ерлі-зайыпты ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейді, жәрдемдеседі. Осылай өздерінің ұлдарына үлгі болып жүр.
ЗУРА НҮКЕНОВА, қатысушы:
– “Бүгінгі шараға қатысуды өзіміз шештік. Мұндай іс-шаралар отбасы бірлігін арттырып, жанұя мүшелерінің бірге уақыт өткізуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, басқа да белсенді отбасылармен танысып, олардың шығармашылығын көруге болады. Бүгін қатысып отырғанымызға өте қуаныштымыз”.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, алдағы уақытта осы сынды іс-шаралар өз жалғасын таба бермек.
Улан Ыдырыс