Қоғам

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Айыртау ауданында болды

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Айыртау ауданында болды. Ол ең алдымен “Ясмина Агро” серіктестігінің алқабына барып, орақ науқанының барысымен танысты. Биыл аталған агроқұрылым 17 мың гектар алқапқа дән сіңірген. 1 айдың ішінде маңызды істің 70 пайызын аяқтап үлгеріпті. Орташа шығымдылық 20 центнерді құрайды.

МАГОМЕД МУСХАНОВ, “Ясмина Агро” ЖШС директоры, Айыртау ауданы:
– “Егіс және орақ науқанын ойдағыдай өткізу үшін мемлекеттен 1 млрд теңге жеңілдетілген пайызбен несие алдық. Биыл астықтың сапасы жоғары. Серіктестікте 50-ден астам адам жұмыс істейді. 30-ға жуық техникамыз бар. Қазіргі таңда алқаптарымызда 10 комбайн жүйткіп жүр. Ауа райы мүмкіндік берсе маңызды істі 1 аптада аяқтаймыз”.

Бұл – Саумалкөлдегі №2 қазандық. 6 жыл бойы жұмыс істемеген нысанға биыл ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қайта іске қосылды. Жылыту маусымына толықтай дайын. Нәтижесінде 635 пәтер мен 10 әлеуметтік нысан тұрақты жылумен қамтылады. Айыртау ауданында 5 астық қабылдау орны бар. Олардың жалпы сыйымдылығы 336 мың тоннаны құрайды. Ғауез Торсанұлы “Qaz Qar LTD” серіктестігінде аудандағы элеваторлардың басшылармен тілдесті. Қамбаға құйылып жатқан астықтың сапасын тексерді. Қазіргі таңда аудандағы “Агро Елецкое” серіктестігінде ауыл шаруашылығы техникасын механизаторсыз басқару технологиясы сынақтан өткізілуде. Бұл заман игілігі егіс алқаптарындағы жұмыстың дәлдігін арттырып, техниканы тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Айта кету керек, цифрлық жүйе Канадада жасалған.

БАЙТАС ҚАЗБЕКОВ, “Агро Елецкое” ЖШС директоры, Айыртау ауданы:
– “Агроқұрылымдағы барлық алқап цифрландырылған. Техникаларға арнайы бағдарлама арқылы карта енгіздік. Ол арқылы біздің қызметкерлер трактор-комбайндарға жүру жолын сызып береді. Техника сол бойынша өз жұмысын атқарады. Жағдайды бақылау ішін ішіне бір қызметкерді отырғызамыз. Шыны керек, қазіргі таңда білікті механизаторды табу қиын. Заман игілігі аталған мәселені шешуге мүмкіндік береді”.

Кейін облыс әкімі “Агро Елецкое” серіктестігінің алқабында аудандағы агроқұрылым басшыларымен тілдесті. Биыл Айыртауда 361 мың гектар алқапқа дән сіңірілді. Оның 242 мыңы – дәнді, 113 мыңы – майлы дақылдар.

МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, Айыртау ауданының әкімі:
– “Мемлекет тарапынан диқандарға зор қолдау көрсетілуде. Биыл аудандағы 112 серіктестікке арзандатылған бағамен 5 мың тонна дизель отыны мен 36 мың тонна минералды тыңайтқыш берілді. Жыл басынан бері агроқұрылымдар 5 млрд 400 мың теңгеге 143 су жаңа техника сатып алды. Бұл шаралардың барлығы егіс және орақ науқанын ойдағыдай өткізуге мүмкіндік беріп отыр”.

Айта кету керек, Айыртау ауданында орақ науқаны 82 пайызға аяқталды.

Нұрасыл Ахмет