Қоғам

Мемлекеттік тіл – ғылым мен білімнің тұғыры

Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік тілдің ғылым мен білім саласындағы қолданысын кеңейтуге бағытталған “Мемлекеттік тіл – ғылым мен білімнің тұғыры” атты республикалық тілшілер форумы өтті. Іс-шараның басты тақырыбы – жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды қазақ тілін оқытуда тиімді пайдалану. Жиынға ғалымдар, педагогтер, тіл мамандары мен білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.

ӘСЕМ СҮЛЕЙМЕНОВА, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив істері басқармасының бөлім басшысы:
– “Біздің форум 2 бағыт бойынша өтеді. Бірінші бөлігі – салтанатты ашылу. Екінші бөлігі – “ойталқы” . Яғни, Астана және Алматы қаласынан келген спикерлер арнайы баяндамаларын оқиды”.

Форум аясында қатысушыларға “Жасанды интеллектті пайдалану арқылы мемлекеттік тілді оқытудың жаңа тәсілдері” атты көрме таныстырылады. Мұнда педагогтердің цифрлық технологиялар мен оны оқу үдерісінде қолдану тәжірибесі көрсетіледі.
Іс-шара барысында тіл саласында еңбек етіп жүрген азаматтарға марапаттар табысталып, “Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін” төсбелгісі тағылды. Алқалы жиынға өңіріміздің түкпір-түкпірінен 250-ге тарта ұстаз келіп отыр. Солардың бірі – Гүлім Нұрсейітова. Ұлағатты ұстаздың айтуынша шәкірттің бойына тіл туралы білімді ғана емес, оның құндылығын да сіңіру қажет.

ГҮЛІМ НҰРСЕЙІТОВА, қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, Тимирязев ауданы:
– “Ұстаз ретінде мен үшін оқушыға тілді үйрету жеткіліксіз. Оның қазақ тілінде еркін сөйлеп, тілді құрметтеуі маңызды. Өз тәжірибемде өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілін таза меңгеріп, еркін сөйлеп кеткен оқушыларым көп болды”.

Форумның практикалық бөлімі Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектепте өтеді. Қатысушылар төрт секция бойынша тәжірибе алмасады. Онда жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды мемлекеттік тілді оқытуға енгізу, тілдік дағдыларды дамыту және қазақ тілі мен әдебиетін оқытуды жаңғырту мәселелері талқыланады.

Улан Ыдырыс