Петропавлда азаматтық сектор өкілдеріне арналған оқыту курсы бастау алды. Республикалық жоба аясында қолға алынған тренингке ҮЕҰ өкілдері, қоғам белсенділері және мемлекеттік орган мамандары қатысып жатыр. Мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ашықтығын арттыру – оқытудың негізгі бағыттарының бірі. Екі күндік шара барысында қатысушылар мемлекеттік сатып алу порталында жұмыс істеудің қыр-сырын меңгереді.
РУСЛАН АСАУБАЕВ, СҚО Азаматтық альянсының төрағасы:
– “Басты мақсатымыз – комплаенс-офицерлерге, азаматтық белсенділерге және қарапайым тұрғындарға мемлекеттік сатып алу порталының жұмысын түсіндіру. Қатысушылар қажетті ақпаратты іздеп, сатып алуларды бақылау мен талдау жолдарын үйренеді. Оқыту барысында тапсырыс беруші мен жеткізуші тарапынан жүргізілетін жұмыстар да түсіндіріледі”.
Сабақтар теориямен шектелмейді. Қатысушылар порталдағы нақты сатып алуларды қарап, қажетті ақпарат іздейді. Сондай-ақ, жеткізушілерді тексеру, сатып алу рәсімдерін бақылау және ықтимал тәуекелдерді анықтау жолдары көрсетіледі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алынған білім азаматтардың мемлекеттік сатып алуға белсенді араласуына мүмкіндік береді.
ГҮЛМИРА САДИРОВА, №2 қалалық емхананың бөлім басшысы:
– “Мемлекеттік сатып алу порталында тапсырыс беруші ретінде де, қызмет көрсетуші ретінде де жұмыс істейміз. Мамандардың біліктілігін арттыруда семинардың атқаратын маңызы зор. Мұнда тәжірибе жүзінде кездесетін тәуекелдер мен жауапкершілік мәселелерін тереңірек түсінуге мүмкіндік бар”.
Іс-шара жергілікті жасанды интеллект мектебі – Tomorrow School базасында ұйымдастырылды. Жоба еліміздің өзге де қалаларында өткізіліп жатыр.
Аружан Султанова