Қоғам

Ғабит Мүсірепов ауданындағы ілкімді істер

Айыртаудан кейін облыс әкімі жұмыс сапарымен Ғ. Мүсірепов ауданына барды. Өңір жетекшісі ең алдымен жаңадан салынған орталық қазандықтың жұмысымен танысты. Нысанның құрылысына 1 млрд 100 млн теңге бөлінген. Қазандық Новоишимское ауылындағы 19 көпқабатты баспананы, 15 шағын және орта бизнес нысанын және 24 бюджеттік мекемені жылумен қамтиды.

РУСЛАН АҢБАЕВ, Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі:
–  “Қазандыққа 11 шақырым жылу құбырын тарттық. 2 түтін мұржасы орнатылды. Әрқайсының биіктігі 31 метрді құрайды. Суды жылытатын арнайы құрылғылар да әкелінді. Жылыту маусымына толықтай дайынбыз. Маңызды кезеңді ойдағыдай өткізу үшін аудандық бюджеттен 204 млн теңге бөлінді. Жеткілікті көлемді көмір қоры бар”.

Кейін облыс әкімі “Астық қоймалары Хлебная база” серіктестігінде элеваторлардың басшыларымен тілдесті. Ауданда 25 астық қабылдау орны жұмыс істейді. Олардың жалпы сыйымдылығы 890 мың тоннаны құрайды. Қазіргі таңда кәсіпорындар 40 пайызға толы.

САНАТ ҚУАТОВ, “Астық қоймалары Хлебная база №2” ЖШС директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– “33 мың тонна астық қабылдадық. Сапасы жоғары. Көбі – 3-ші санаттағы дақылдар”.

Ғабит Мүсірепов – ауыл шаруашылығы бойынша облыстағы шоқтығы биік ауданның бірі. Биыл жер емген диқандар 722 мың гектар жерге егін еккен. Агроқұрылымдарға мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп жатыр. Серіктестіктер биыл 8 млрд 500 млн теңгеге 120 техника сатып алған. Қазіргі таңда ауданда орақ науқаны қарқынды жүріп жатыр. Маңызды кезең барысында облыс әкімі жергілікті еңбеккерлермен тілдесті.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– “Облыс бойынша дән берекелігі 16,2 центнерді құрайды. Нәтиже жаман емес. Ауа райы бізге мүмкіндік беріп тұр. Уақытты бос кетірмей қамбаға астықты құю қажет. Аянбай еңбек етулеріңізді сұраймын”.

Бұл – Нежинка-Ерке серіктестігінің тауарлы-сүт фермасы. Кәсіпорын биыл қолданысқа берілген. Бір мезетте 36 сиырды саууға мүмкіндігі бар. Нысанды салу үшін агроқұрылымға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліпті.

ҚУАТ БАТЫҚОВ, “Нежинка Ерке” ЖШС директоры, Ғ. Мүсірепов ауданы:
– “”Солтүстік” ӘКК арқылы 800 млн теңге несие алдық. Жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайды. Кәсіпорындағы қондырғылар Еуропадан әкелінді. Серіктестікте барлығы 900 ірі қара бар”.

Серіктестік ірі қарамен қатар, Қамбар ата төлін де ұстайды. Агроқұрылым да барлығы 800 бас жылқы бапталады.

Нурасыл Ахмет