Ауыл шаруашылығы

Есіл ауданындағы “Прометей-Агро” серіктестігі орақ науқанын аяқтады

Есіл ауданындағы “Прометей-Агро” серіктестігі орақ науқанын аяқтады. Биыл агроқұрылым 5 мың гектар жерге дән сіңірген. Қазіргі таңда қызметкерлері мал азығын жинап, алқаптарды келесі жылға дайындауда. Михаил Степанюк серіктестікке 2019 жылы келген. Төрт жыл бұрын оған автоматтандырылған жүйесі бар жаңа трактор беріліпті.

МИХАИЛ СТЕПАНЮК, “Прометей-Агро” ЖШС механизаторы, Есіл ауданы:
– “Таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін жұмыс істеймін. Трактор Қытайдан әкелінген. Техникада 130 аттың күші бар. Өте ыңғайлы. Қазір мал азығын дайындап жатырмын. Одан қалған сабанды үйлерді жылытуда пайдаланамыз”.

Шаруашылық өнімділікті арттыру үшін өз технологияларын да қолданады. Дәлірек айтсақ, серіктестік сұйық минералды тыңайтқышты өзі өндіреді. Думан Шілдікенов кәсіпорынның қоймасында еңбек етеді. Азамат әкелінген астықты орын-орнына кіргізумен және бақылаумен айналысады. Айтуынша, серіктестік оған зор қолдау көрсетіпті.

ДУМАН ШІЛДІКЕНОВ, “Прометей-Агро” ЖШС қызметкері, Есіл ауданы:
– “Жаңа үй алдық. Жалақы жаман емес, ең бастысы уақытында беріледі. Серіктестік жем, көмір, отын береді”.

Агроқұрылымда соңғы жылдары майлы дақылдарға ерекше көңіл бөлінуде. Диқандар биыл рапс себілген алқаптан гектарына – 18, ал зығырдан 10 центнер өнім алған. Ал дәнді дақыл егілген жердегі берекелік 25 центнерге жуықтайды.

ЮРИЙ ШОЛЬ, “Прометей-Агро” ЖШС директоры, Есіл ауданы:
– “«Мемлекет басшысына көрсетіліп жатқан қолдау үшін алғысым шексіз. Биыл біз «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы жеңілдетілген несие алдық. Жылдық мөлшерлемесі 5 пайызды құрайды. Тыңайтқышты субсидиялау бағдарламасын да пайдаланып отырмыз. Ол «60/40» деп аталады. Яғни тыңайтқыштың толық құнының небәрі 40 пайызын төлейміз».

Айта кету керек, “Прометей-Агро” серіктестігі 30 жылдан бері облыстың ауыл шаруашылығы саласының дамуына зор үлес қосып жүр. Сонымен қатар, Заградовка ауылының гүлденуіне септігін тигізуде.

Нурасыл Ахмет