Ауыл шаруашылығы

“Атамекен-Агро-Тимирязево” серіктестігі орақ науқанын 67 пайызға аяқтады

Биыл Тимирязев ауданында орналасқан “Атамекен-Агро-Тимирязево” серіктестігі 31 мың гектар алқапқа тұқым септі. Оның 50 пайызына дәнді, ал қалған жартысына бұршақты және майлы дақылдар егілген. Шаруашылық жиым-терім науқанын 67 пайызға аяқтады.

ДМИТРИЙ ЗАКОВОРОТНЫЙ, “Атамекен-Агро-Тимирязево” ЖШС директорының міндетін атқарушы:
– Қазіргі таңда 7 мың гектардан бидай және 5 мың гектар күнбағыс алқабынан өнім алу ғана қалды. Жалпы, астық берекелігі жаман емес. Биыл топыраққа тыңайтқыш 100 пайыз енгізілді. Соның нәтижесіне майлы дақылдардан гектарына 17 центнер, ал дәнді дақылдардан гектарына 25 центнер өнім жинаудамыз”.

Агроқұрылым мемлекеттік қолдаудың арқасында жаңа техника мен минереалды тыңайтқышты уақытында алады.

ДМИТРИЙ ЗАКОВОРОТНЫЙ, “Атамекен-Агро-Тимирязево” ЖШС директорының міндетін атқарушы:
– “Техникалық паркіміз де жаңартылып келеді. Соңығы жылдары егіс кешендерін толық жаңартып, 7 жаңа комбайн сатып алдық. Сонымен қатар, бүріккіш техникалар толығымен жаңартылды. Биыл тасымалдауға арналған ауыр көліктерді жаңартып жатырмыз”.

Егіс даласында күн-түн демей 12 комбайн жүйткіп жүр. Аталмыш техниканың бірін Василий Шаркевич тізгіндеген. Ер азамат “Атамекен-Агро-Тимирязево” серіктестігінде 2015 жылдан бері еңбек етеді.

ВАСИЛИЙ ШАРКЕВИЧ, механизатор, Тимирязев ауданы:
– “Орақ науқаны сәтті өтуде. Биыл жаңа техника тізгіндедім. Ол жасанды интеллект арқылы жұмыс істейді. Бұл комбайн астықты жақсы бастырады. Керектің барлығы бар. Еңбекақымызды уақытылы аламыз. Жұмысым көңілімнен шығады”.

Жалпы, шаруашылық биылғы орақ науқанын белгіленген мерзімде аяқтауды көздеп отыр. Заманауи техниканың мүмкіндігін тиімді пайдаланып, өнімділікті арттыруға басымдық берілген. Жоспар бойынша егін жинау жұмыстары қыркүйек айының ортасына дейін толық аяқталуы тиіс.

Улан Ыдырыс