Жас ұлғайған сайын қолдау мен қамқорлықтың маңызы арта түседі. Бүгінде Петропавл қаласында 45 мыңға жуық ардагер тұрады. Олардың белсенді өмір салтын жалғастырып, қоғамнан тыс қалмауы үшін түрлі бағыттағы жұмыстар жүргізілуде. Бұл жолы алдыңғы буын өкілдеріне арналған семинарда әлеуметтік және медициналық қолдау, волонтерлік көмек пен цифрлық сауаттылық мәселелері қамтылды.
ТИМУР ӘЛЖАНОВ, СҚО жастар маслихатының төрағасы:
– “Бүгінгі семинарда ардагерлерге жасанды интеллектті қолдану бойынша арнайы сабақ өткізілді. Оның ішінде фотосуретті монтаждау, сценарий әзірлеу, аударма құралдарын пайдалану жолдарын көрсеттік. Сондай-ақ, жеке ассистенттің мүмкіндіктері таныстырылды. Негізгі мақсатымыз – ардагерлерге технологиямен тиімді әрі дұрыс жұмыс істеуді үйрету”.
Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин – көпке үлгі болатын жандардың бірі. Ол мұндай басқосудың ардагерлер үшін берері мол екенін айтады. Әсіресе, бірге уақыт өткізіп, пікір алмасудың маңызына тоқталды.
ЖАНГЕЛДІ ТӘЖИН, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– “Біз мұндай кездесулерге өте қуаныштымыз. Қаладан табиғат аясына көп шыға бермейміз. Сондықтан қаланың шетіндегі демалыс орнында уақыт өткізіп, жақсы демалып жатырмыз. Қазір ардагерлермен бірге ән айтып, би билейтін боламыз. Қыркүйек айының осындай тамаша күндерін пайдаланып, көтеріңкі көңіл күймен демалысымызды жалғастырамыз”.
Мұндай басқосулар – пайдалы ақпарат беріп қана қоймай, ескі таныстармен қауышып, жаңа ортада уақыт өткізетін ерекше мүмкіндік. Табиғат аясындағы кездесулер алдағы уақытта да жалғасын тауып, ардагерлердің белсенді өмір салтын қолдауға бағытталмақ.
Жансая Дербисова