Ақан сері атындағы облыстық филармония әртістері мектеп оқушыларына арналған “Менің филармониям” атты жаңа танымдық-ағартушылық жобасын бастады. Бүгін осы ауқымды бастама аясында №5 орта мектепте алғашқы концерт өткізілді. Жобаның мақсаты – балаларды ұлттық және классикалық музыка әлемімен таныстырып, өнерге деген қызығушылығын ояту. Концерттер интерактивті форматта өтеді. “Тыңда, таны, көр, қатыс” қағидаты бойынша құрылған. Шығармашылық ұжымдар білім ошақтарына келіп, классикалық және ұлттық музыканы тыңдатып қана қоймай, әңгіме, демонстрация және тікелей қарым-қатынас арқылы түсіндіреді. Мұндай бастаманың өскелең ұрпақ тәрбиесінде алар орны зор.
КҮЛІМКӨЗ СМАИЛОВА, №5 орта мектеп директоры:
– “Біз үшін бұл – өте маңызды жоба. Оқушыларымызды домбыра тарихымен және қазақтың ұлттық өнерімен етене таныстырған сайын балалардың өнерге деген құштарлығы арта түседі. Осы игі бастаманың әсерімен мектебімізде арнайы домбыра үйірмесін ашып, қазақ әндерін үйретуді жоспарлап отырмыз”.
Жоба аясында әр жас ерекшелігіне сай арнайы бағдарламалар ұсынылады. Мысалы, 1-4 сынып оқушыларына ойын, ертегі көрсетілсе, 9-11 сынып оқушыларына музыка тарихы, жанрлар мен музыкалық мәдениет таныстырылады. Бүгін балаларға “Сегіз сері” атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі “Әлем сазы – домбырамен!” концертін ұсынды. Алдағы уақытта филармонияның басқа да ансамбльдері мен оркестрлері оқушыларға өз өнерін паш етпек.
ҚАЙЫРЛЫ ҒАФУРОВ, Сегіз сері атындағы қазақ халық саз аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі:
– “Бүгінгі концертімізде – қазақ халқының ұлттық музыкасы, соның ішінде күйлер, қазақ халқының әндері. Сонымен қатар, оркестрдің мүмкіндігін көрсету үшін біз классикалық бағыттағы және эстрадалық бағыттағы шығармаларды оқушыларға ұсынып отырмыз”.
Ақан сері атындағы облыстық филармония әртістері жоба аясында алдағы уақытта өңірдің барлық мектептерінде концерт өткізеді.
Жаннур Бектурганова