Ауыл шаруашылығы

Шал ақын ауданында орақ науқаны қызу


“Гермес” серіктестігі Шал ақын ауданындағы 12 мың гектар алқапқа иелік етеді. Оның 40 пайызына дәнді, 35 пайызына майлы, ал 25 пайызына бұршақты дақылдар егілген. Қазіргі күні жиым-терім науқанына 15 комбайн жұмылдырылған.

– ВИКТОР ОКУНЕВ, “Гермес” ЖШС директоры, Шал ақын ауданы:
Биылғы орақ науқаны аяқталуға жақын. Қазіргі таңда дәнді және бұршақты дақылдарды 100 пайыз қамбаға бастық. Енді майлы дақылдарды, яғни жаздық рапсты жинаудамыз. Өнімділік гектарына шамамен 20 центнерді құрайды.

Агроқұрылым үшін мемлекеттік қолдаудың маңызы зор. Шаруашылық арзандатылған дизель отынымен қамтылып, тыңайтқыш, гербицид пен техникаға қажетті бөлшек сатып алуға берілетін субсидияны пайдаланып келеді.

– ВИКТОР ОКУНЕВ, “Гермес” ЖШС директоры, Шал ақын ауданы:
Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде соңғы 5 жылда техникалық паркті 70 пайызға жаңарттық. Биыл «Кең дала-2» бағдарламасы аясында тиісті қаржы алдық. Нәтижесінде көктемгі дала жұмыстары мен орақ науқанына керек-жарақтың барлығына қол жеткіздік.

“Гермес” серіктестігінің өз элеваторы бар. Оның сыйымдылығы – 25 мың тонна. Алқаптан алынған өнім бірден аталмыш қоймаға жетеді. Онда астық кептіру, тазалау қондырғылары жұмыс істейді.

– АЛЕКСАНДРА ЖУРАВЛЕВА, зертханашы:
Бізге келіп түскен өнімнен сынама алып, зертханалық талдау жүргіземіз. Барлығы 7 түрлі көрсеткіш бойынша тексеріледі. Дәнді дақылдардың ылғалдылығы мен маңызын, мөлшерін анықтаймыз, ал майлы дақылдардың майлылығын тексереміз. Нәтижелердің барлығы электронды жүйеге енгізіледі. Осы көрсеткіштерге қарай өнімнің сапасын бағалап, оны жақсартуға тырысамыз. Сонымен қатар, астықтың тұқымдық немесе тауарлық бағытқа жарамдылығын анықтаймыз.

Шаруашылық мамандарының айтуынша, өнімнің сапасын анықтау жиым-терім науқанының маңызды бөлігі. Заманауи зертхана мен сақтау қоймасының болуы астықты дер кезінде қабылдап, талапқа сай өңдеуге мүмкіндік береді. Қазір мұнда орақ науқаны жоспарға сай жүріп жатыр. Ауа райы қолайлы болса, қалған майлы дақылдарды да белгіленген мерзімде жинап алу көзделген.

Улан Ыдырыс