Қоғам

Петропавлда өңірдің бизнес өкілдері бас қосты

Петропавлда кәсіпкерлерге арналған “Ашық есік күні” шарасы өтті. Жиынға өңіріміздегі 200-ге жуық кәсіпкер қатысты. Оларға мамандар қаржыландыру, кепілдік алу және жеңілдетілген несие бағдарламалары бойынша жан-жақты кеңес берді.

– ФАРХАТ СӘРСЕКЕЕВ, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ басқарма төрағасы:
Презентация өткізіп, жеке кеңес беріп, өтініштерін қабылдап жатырмыз. Мұндай шаралар бүкіл Қазақстан бойынша ұйымдастырылуда. Басты миссиямыз – шағын және орта бизнесті дамыту.

Дамыту үшін қомақты қаржы бағытталуда. Бүгінде “Даму” қоры кәсіпкерлерге 7 трлн теңгеге жуық қолдау көрсетті. Оның 3,7 трлн теңгесі шағын және орта бизнеске бөлінді. Өткен жылы 13 мың жобаға 2,2 трлн теңге бөлінсе, биыл бұл көрсеткішті 3 трлн теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Бақытжан Мұқашева қазақы нақыштағы киімдер тігеді және бұйымдар жасайды. Бизнес саласында жүргеніне 10 жыл толып отыр. Сүйікті ісінен өзі ғана пайда тауып отырған жоқ. Ол 4 жалғызбасты ананы жұмыспен қамтыған.

– БАҚЫТЖАН МҰҚАШЕВА, кәсіпкер:
“Даму” қорымен серіктестік байланыста жүргеніме 2 жылдай болды. Осындай кездесулерде кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алады.Жиынға әлеуметтік кәсіпкерлер де қатысты. Ғалия Баязитова “Көмек” тренинг орталығын басқарады. Ол инклюзивті бағытта балалармен жұмыс істейді, “Даму” қорымен 5 жыл бұрын серіктес атанған.

– ҒАЛИЯ БАЯЗИТОВА, әлеуметтік кәсіпкер:
Осындай жиындарға, іс-шараларға жиі қатысып жүреміз. “Даму” қоры ерекше көмек беріп жатыр. Заң, қаржыландыру мәселесі жағынан, одан кейін әртүрлі бағдарламаларды түсіндіру жағынан да іс-шаралар ұйымдастырады.

“Ашық есік күні” шарасы – ашық диалог алаңы. Қатысушылар өзара тілдесті және қордың мүмкіндіктерімен танысты. Пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, жеңілдетілген несие беру және кепілдік ұсыну бағытында ақпарат алды. Бұның барлығы өрге жүзуге септігін тигізері айдан анық.

 

Аружан Султанова