– ӘДІЛ ЭЙВАЗОВ, бас төреші:
Біз белгілі бір критерийлер бойынша бағалаймыз. Олар: соққылардың саны, шабуылдың сапасы, техника және боксшылардың рингтегі басымдығы. Бокста ең бастысы – ойлау. Боксшы рингте мимен жұмыс істеуі керек. Балалардың жауынгерлік рухы жоғары. Бапкерлер жұмыс істеп, шәкірттерді дайындағаны көрініп тұр.
Бойдағы жігер мен тыңғылықты дайындық жеңіске жетелейді. Бұған дәлел – Әлішер Хасан. Ол кездесулердің бірінде жеңімпаз атанды. Әлішер бокспен 4 жыл бойы айналысады. Оның айтуынша, бұл спорт түрінде тек күш қана емес, ең бастысы – ақыл мен парасат маңызды.
– ӘЛІШЕР ХАСАН, қатысушы, Петропавл қаласы:
Бір ай бойы тынымсыз дайындалдым. Бүгінгі қарсыласым жеңіл болды, бірінші раундта-ақ айқын басымдық таныттым. Бокста ең бастысы – ақыл, талпыныс және өз-өзіне деген сенім. Бұл жеңіске жету жолымда ата-анам мен бапкерімнің еңбегі орасан зор. Болашақта Әлем чемпионы атанғым келеді. Армандарым мен мақсатыма жету үшін еңбек етіп, алға ұмтыла беремін.
Петропавл шаршы алаңында аудандардан келген боксшылар да көсілді. Ауылдарда шымыр, қайсарлы балалар баршылық. Соларды алға жетелеу керек. Мысалы, жұмабаевтық Николай Бизюк болашағынан зор үміт күттіреді.
– НИКОЛАЙ БИЗЮК, қатысушы, М.Жұмабаев ауданы:
Жарыста 2 кездесу өткізіп, екеуінде де жеңіске жеттім. Бұл – менің үшінші облыс чемпионатым. Бірінші орын алуды жоспарлап отырмын. Бұған дейін республикалық турнирлер мен Қазақстан чемпионатында жүлдегер және финалист атанғанмын. Бүгін рингте көбірек аяқпен жұмыс істеп, қарсыласты аңдуға тырыстым. Жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын, енді финалға барынша дайындаламын.
Жарыстың деңгейі мен өңірдегі спорттың дамуын бақылау үшін бокс федерацияның вице-президенті арнайы келді. Бұрын Қайрат Сәтжанов Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері болған еді.
– ҚАЙРАТ СӘТЖАНОВ, ҚР Бокс федерациясының бапкерлермен жұмыс жөніндегі вице-президенті:
СҚО-да бокстың қалай дамып жатқанын көріп, қандай өзгерістер енгізу керектігін анықтау үшін арнайы келдім. Бірнеше спорт мектебін аралап шықтым. СҚО-да бокстың деңгейін бұрынғы биігіне қайта көтеруді мақсат қылып отырмыз. Қазіргі таңда бұл өңірден шыққан ең басты мақтанышымыз – Әлем чемпионы, Әлем кубогының жеңімпазы және Азия ойындарының жүлдегері Наталья Богданова.
Облыс біріншілігіне өңірдің түкпір-түкпірінен 100-ден аса спортшы қатысуда. Турнир қорытындысы бойынша ең мықты 15 спортшы іріктеліп, алдағы ел чемпионатына жолдама алады.
Жаннур Бектурганова