Қоғам

Отбасылар арасында облыстық байқау өтті

Петропавлда Отбасы күніне орай “Отан отбасынан басталады” облыстық байқауы өтті. Бүгін Мағжан орталығында конкурс жеңімпаздары марапатталды. Жеңімпаздар “Азамат тәрбиелеген отбасы”, “Алтын шаңырақ” және “Күміс кереге” сынды үш номинация бойынша анықталып, оларға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Байқау жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Биыл облыстың әр ауданынан барлығы 7 үлгілі отбасы қатысып, өз жетістіктерін ұсынды.

ЖҰЛДЫЗ САТТАРОВА, СҚО Аналар кеңесінің төрайымы:
– “Бұл байқаудың негізгі мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеу және де осындай үлгілі отбасыларды қоғамға көрсету болып табылады. Берік отбасы – берекелі қоғамның тірегі деп ойлаймын, сондықтан осындай отбасылар көп бола берсін деп осындай байқаулар өткізіледі”.

Конкурс қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған отбасылар Мамлют және Аққайың аудандарынан келген. Чукуевтер әулеті “Алтын шаңырақ” номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Амангелді Чукуев пен Рауза Чукуеваның отау құрғандарына 50 жыл толған. Үш баласы, алты немересі бар. Бір ерекшелігі – отбасы мүшелерінің барлығы темір жол саласында еңбек етеді. Отағасы бұл бағытқа 40 жыл өмірін арнаған. Бүгін олар берік отбасы құрудың кеңестерімен бөлісті.

АМАНГЕЛДІ ЧУКУЕВ, қатысушы, Мамлют ауданы:
– ”Шаңырақ құраушы – әйел адам. Жолдасыма алғысымды білдіремін. Бала-шаға өсіріп, бірге ғұмыр кештік. Бір бірімізге түсіністікпен қарап жүрдік. 50 жылдың қалай зымырап кеткенін де байқамай қалдық”.

РАУЗА ЧУКУЕВА, қатысушы, Мамлют ауданы:
– “Әрдайым бір-бірімізбен ақылдасамыз. Шешім қабылдағанда бірге ойланамыз. Ең маңыздысы – ауызбіршілік”

Марапаттау соңында отбасыларға Мағжан орталығында экскурсия өткізілді. Осындай өнегелі отбасылардың өмір жолы – кейінгі буынға үлгі. Өйткені елдің берекесі мен бірлігі ең алдымен шаңырақтағы татулықтан басталады.

Жаннур Бектурганова