Солтүстік Қазақстан облысында биыл өрт саны өткен жылмен салыстырғанда азайғанымен, қаза тапқандар саны көбейген. Жыл басынан бері өңірде 292 өрт тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 320 болған. Алайда тілсіз жаудан қаза тапқандар саны 17-ден 26 адамға өскен. Оның үшеуі – бала. Бұдан бөлек, 15 адам түрлі жарақат алып, тағы 6 тұрғын иіс газынан уланған.
– ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:
Облыс аумағында 15 тамыздан 15 қыркүйекке дейін өрт қауіпсіздігі айлығының бірінші кезеңі өтуде. Оның аясында әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтардың үйлері 100% қамтылады. Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 5 357 үй есепке алынған. Алдағы жылыту маусымына байланысты пешпен жылыту қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуде. Сонымен қатар облыс аумағында егін жинау науқанының қызу кезеңі жүріп жатыр. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауды ескертеміз.
Жылыту маусымы әлі басталған жоқ. Дегенмен, жеке сектордағы өрт қауіпсіздігі мәселесінің өзектілігі үдеп барады. Жақында ғана Жұмысшы кентіндегі тұрғын үйлердің бірінде өрт болды. Жер үй жақта жиі бас көтеретін тілсіз жаудың себебі – пеш пен электр құрылғыларын дұрыс пайдаланбау. Қазір құтқарушылар үшін басты міндет – осындай жағдайлдардың алдын алу. Қауіпсіздік шараларын кейінге қалдырмай, дәл қазірден сақтық таныту – өрттің алдын алудың негізгі кепілі.