Ауыл шаруашылығы

Тайыншадағы іргелі агроқұрылымда картоп жиналуда

Тайынша ауданындағы “Астық-STEM” – дақылдың 15 түрін өсіретін серіктестік. Бүгінгі таңда бидай толығымен жиналды. Бастырылған өнімнің 90%-ы 3-ші класқа жатады. Картоптың да сапасы жақсы. Оны заманауи комбайн жинауда. Өңірімізде мұндай техниканың бір ғана данасы бар.

ПЕТР СОКОЛОВСКИЙ, “Астық-STEM” ЖШС механизаторы, Тайынша ауданы:
– “Облыс бойынша мұндай комбайн тек бізде бар. Қажеттінің барлығымен жабдықталған, басқаруға өте ыңғайлы, айнала алақандағыдай көрініп тұрады. Климат-бақылау жүйесі де бар, іші тыныш, дыбыс оқшаулағышы жақсы жұмыс істейді. Мен ризамын. Осындай жағдайда еңбек етудің өзі бір бақыт деуге болады”.

.

Тайыншаны көпшілікке танытқан картоп толық жиналған соң арнайы қоймаға жіберіледі. Серіктестіктің тағы бір жетістігі – жасанды интеллект элементтеріне мән беруі. Қазір шаруашылық алқаптарында цифрлық технологиялар енгізілуде. Ол арқылы танаптың қай тұсына қанша мөлшерде тыңайтқыш сіңіру керектігін білуге болады. Бұл агроқұрылым да «Кең дала-2» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасын пайдаланды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында 20 вагоннан астам субсидияланған тыңайтқыш алды.

СЕРГЕЙ ЗВОЛЬСКИЙ, “Астық-STEM” ЖШС директоры, Тайынша ауданы:
– “Үкіметке алғысымыз шексіз. Шамамен 7 вагон аммофос, 6 вагонға жуық селитра алдық, тіпті сонау Франциядан бір вагон тыңайтқыш әкелдік. Мемлекеттік қолдаудың арқасында тыңайтқыш құнының тек 40 пайызын төледік. Бұл – өте зор көмек”

.

Тыңайтқышты танапқа сіңіріп, алқаптағы астықты шашау шығармай жиятын мамандар баршылық. Олардың негізгі мақсаты – науқанды сәтті аяқтау. Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін сақтауда бұл жандардың еңбегін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Жаннур Бектурганова