Қоғам

Студенттерге киберқауіпсіздік ережелері түсіндірілді

Е. Дәуітов атындағы қызмет көрсету саласы колледжінде киберқауіпсіздікке бағытталған шара өтті. Кездесуге қатысушылар – жастар қауымы. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда ұл-қыздар цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні жиі қолданады. Пайдаға жаратады, керектіні сұрайды. Бірақ, бұның екінші жағын да ұмытпаған жөн. Интернет алаяқтар қалай екені белгісіз, адамдардың жеке дерегіне қол жеткізіп, миллиондап шығын келтіруде.

АЙСҰЛУ БЕКІМОВА, қалалық жастар ресурстық орталығының маманы:
– “Қазіргі уақытта студенттер шәкіртақы алу үшін арнайы банк карталарын ашады. Тиісінше, алаяқтар жеке дерекке қол жеткізуі мүмкін. Атыңызға заңсыз несие рәсімделуі да ғажап емес. Бүгінгі шарада жастарға келеңсіз жайттардан сақтану жолдарын түсіндіреміз”.

Жыл басынан бері жастар ресурстық орталығының қызметкерлері аталған тақырып аясында 200-ден астам іс-шара өткізген. “Тағылымы мол жиындарды көптеп өткізсек, қулардың арбауына түсетін жандардың саны азаяды”, – дейді мамандар.

ВИКТОРИЯ ЮРАШ, Е.Дәуітов атындағы қызмет көрсету саласы колледжінің студенті:
– “Мен грантта оқимын, ай сайын шәкіртақымды алып отырамын. Қуанышқа орай, маған әлі алаяқтар хабарласпады. Бірақ, ондай жағдай болса, не істеу қажеттігін білемін. Бүгінгі шарадан ұққанымды жақындарыма айтатын боламын”.

Айта кету керек, жыл басынан бері облыста 400-ден астам интернет-алаяқтық дерегі тіркелген.

Аружан Султанова