ҚАЙЫРБЕК САНДУҒАШ, тілші
файл:504;00:01
Петропавлдағы Қозыбаев университеті байланыс ауқымын кеңейтуді жалғастыруда. Енді қаламызда бір топ әзірбайжандық студент те оқитын болады. Білім қуған жастар жақында қарт Каспийдің жағасынан ерке Есілдің бойына келіп үлгерді. Қазір танысатын боламыз.
Әзірбайжаннан Қозыбаев университетіне 32 студент келді. Олар қаржы, экономика, химия, инженерия және ақпараттық технологиялар бағыттарын таңдаған. Жастар Қазақстандағы білім беру мүмкіндіктеріне қызығыпты. Ал Қозыбаев университеті туралы Бакуде өткен көрмеде білім ордасының өкілдерінен естіп, тиісті ақпарат алған.
МӘДИНА ӘШІМ – Кozybayev International Office директоры:
– Әзірбайжан Республикасынан келген студенттерді қарсы алу үшін университет тарапынан Астана қаласына брендингі бар автобус жіберілді. Алдын ала жатақхана дайындадық. Шетелдік және жергілікті студенттеріміз үшін де орын жеткілікті. Студенттер үйінде материалдық тұрғыда барлық жағдай жасалған.
Бакуден бері қарай бет бұрған студенттердің бірі – Гейят Мусаев. Білім қуған жас IT саласын таңдаған екен. Айтуынша, Петропавл қаласы көңілінен шыққан. Табиғаты тұмса, халқы қонақжай дейді. Аз уақыттың ішінде өз тілі мен қазақ тілінің ұқсастығын да байқапты. Ендеше қазақ тілін меңгеру оңайға түсері анық.
ГЕЙЯТ МУСАЕВ – студент, Әзірбайжан Республикасы:
– Мен Қазақстанға алғаш рет келіп тұрмын. Мұнда маған бәрі ұнады. Қала тыныш, ауасы таза, халқы кішіпейіл. Бүгін бірінші сабағымыз Қазақстан тарихы мен қазақ тіліне арналды. Бір байқағаным, қазақ сөздігіндегі кейбір сөздер біздің тілге ұқсас келеді. Қазақша сөйлеп, мәдениетін танығым келеді.
Қазір Қозыбаев университетінде 20-ға жуық елден келген студенттер білім алып жатыр. Олардың арасында 38 ұлттың өкілі бар. Университеттегі шетелдік білім алушылардың қатары жыл сайын артып келеді. Биыл Әзірбайжаннан енді 100-ге жуық докторанттың келуі жоспарланып отыр. Бұл әлемнің түкпір-түкпірінен шәкірт жинаған өңірдегі жалғыз жоғарғы оқу орнының беделі асқақтап келе жатқанын айқындайды.