Қоғам

Тайынша ауданындағы “Престиж Агро” серіктестігінде орақ науқаны 70% аяқталды

Тайынша ауданындағы “Престиж-Агро” серіктестігі үшін биыл ерекше жыл. Агроқұрылымның құрылғанына 10 жыл толып отыр. Жақында мерейтойды атап өтетін мамандар егін жинау науқанына шілде айында кірісті. Қазіргі таңда жұмыс 70 пайызға аяқталған. Алдымен бұршақ жиналды, артынша бидай мен арпа бастырылды. Қазіргі таңда Рощинское ауылдық округі аумағында 25 бірлік техника қарқынды жұмыс істеуде. Ауқымды жұмыстың жүзеге асуына мемлекеттік қолдаудың да септігі мол. Кәсіпорын субсидияланған техника, арзан дизель отынын және құнының 40 пайызын ғана төлейтін аммофос пен аммиак селитрасын иеленді.

РУСЛАН ЕГІМБАЕВ, “Престиж Агро” ЖШС директоры, Тайынша ауданы:
– “Шаруашылығымызға 10 жыл толады. Мемлекеттік қолдаудың арқасында жұмысымыз жүйелі жүріп жатыр. Мысалы, 2025 жылы “Кең дала” бағдарламасы арқылы құны 100 млн теңгеден асатын жаңа комбайн сатып алдық. Қаржылық міндеттемелерімізді толық жауып, қарызсыз жұмыс істеп жатырмыз. Штаттағы 25 қызметкердің жалақысы уақытылы беріледі, ал сапалы еңбек үшін қосымша сыйақылар қарастырылған. Қазір майлы дақылдар – рапс пен зығырды жинап жатырмыз, ауа райы қолайлы болса, 4-5 күнде толық аяқтаймыз”.

Егіс алқаптарындағы жұмысты бақылап, техниканың жағдайын қадағалаушы – Юрий Сусский. Маман серіктестікте 3 жыл еңбек етеді. Салада 30 жылдан астам тәжірибесі бар. Еңбек жолын қарапайым механизатор болып бастаған.

ЮРИЙ СУССКИЙ, “Престиж Агро” ЖШС бригадирі, Тайынша ауданы:
– “Техникамыз жаңартылған, өте сапалы. Алқапта жұмыс істейтін комбайндардың іші салқындатқышпен және дыбыс оқшаулағышпен жабдықталған. Ескі үлгідегі техникамен салыстырғанда механизаторларға жағдай жасалған. Жұмыс істеуге өте қолайлы. Ай сайынғы жалақымыз уақытылы түседі, сыйақылар да беріледі”.

Серіктестік биыл 1,5 мың гектарға егін екті. Оның 750 гектары – дәнді дақылдар, 650 гектары – майлы, ал қалғаны – бұршақты дақылдар. Қазір мамандар орташа есеппен гектарынан 20-25 центнер өнім алуда. Маңызды іс саусақпен санарлық күнде аяқталады.

Жаннур Бектурганова