Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапхана қабырғасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су жаңа кітабы таныстырылды. Ол «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» деп аталады. Бұл – 30 жылдан астам кезеңді қамтитын маңызды еңбек. Туындыда Президенттің Қазақстан ішіндегі және беделді халықаралық шараларда тілге тиек еткен негізгі тезистері мен маңызды мәлімдемелері топтастырылған. Кітаптың оқырманға берері мол.
ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– “Бұл кітап Мемлекет басшысының сөздері мен баяндамалары арқылы жиналған. Онда Президент Қазақстанның қандай мемлекет болуы керек екені жайлы түсінік береді”.
Жиынға алыс-жақыннан келген құрметті қонақтар қатысты. ЮНЕСКО-ның Мәдениеттерді жақындастыру орталығы бөлімінің жетекшісі Үмітхан Мұналбаева теріскейге арнайы ат ізін салыпты. Мейман көпшілік алдында ойын ортаға салды.
ҮМІТХАН МҰНАЛБАЕВА, ЮНЕСКО-ның Мәдениеттерді жақындастыру орталығы бөлімінің жетекшісі, Астана:
– “Ұлттық Құрылтайдың бесінші отырысында Президент “Әр азаматтың жетістігі – Қазақстанның жетістігі, барша қазақтың беделі” деді”.
Таныстырылым шарасын облыстың Құрметті азаматы, белгілі журналист Жарасбай Сүлейменов жүргізді. Талай еңбектің авторы Президентің сиясы әлі кеуіп үлгермеген кітабымен танысыпты. Ағамыз Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет құру және қоғамды дамыту мәселелеріне қатысты көзқарасын жоғары бағалайды.
ЖАРАСБАЙ СҮЛЕЙМЕНОВ, СҚО Құрметті азаматы:
– “Кітапта айтылған ойлар сала-сала бойынша жүйеленген. Бұл оқырманға өзіне қажетті дүниені тез тауып, тереңірек зерделеуге мүмкіндік береді. Жалпы, бұл кітапты жасқа да, кәріге де пайдалы жинақ деп бағалаймын”.
Алқалы басқосу соңында көзі ашық, көкірегі ояу жастар да сөз алды. Олар жауапкершілік, әділетті қоғам, құндылықтар төңірегінде пікір білдірді.
Улан Ыдырыс